"ЭКСПО-да Шоқаймен кездескен". Әміре Қашаубаевтың тағдыры қалай аяқталды?

Dalanews 18 шіл. 2017 09:44 443

Сіз білесіз бе? Қазақтың аты аңызға айналған әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне Қазақстан тарихында бірінші болып қатысты. Иә, ол кезде біз бодан едік. Бірақ, бұдан ол шараның тарихи маңыздылығы кеміп қалмайды. 

Қашаубаевтың ЭКСПО-ға қатысқанын Ұлттық мұражайдың ғылыми қызметкері Лаура Үсенбек айтып берді. Көрме туралы, көрмеге ғана емес қазақ өнерінде өзіндік орны бар тұлғаның тағдырын қамтитын дүние оқырманға да ой салар деген ойдамыз.

Әміре аға…




КСРО делегациясы сол жылы ЭКСПО көрмесіне алғаш рет барған. Соған байланысты күллі одақ бойынша талантты өнер иелері Мәскеуге арнайы  шақыртылған. 1925 жылы Семей қаласының халыққа білім бе­ру бөліміне КСРО халық ағарту ко­­миссары Луначарскийдің аты­нан:
«Қазақ әнші­сі Әміре Қашаубаевтың Парижде өте­тін Дүниежүзілік көрменің эт­нографиялық концертінде өнер көрсету туралы келісімін күтемін. Жол шығыны төленеді. Өтетін уа­қыты — маусым, шілде айлары»
деп жазылған жеделхат келген. Сол кезден-ақ мәдениет пен өнердің орталығы, сән әлемінің астанасы — Париж қаласында қа­зақ­тың домбырасын сөйлету, ән арқылы халқының дархан көңілін жеткізуге мүмкіндік алғанына Әмі­ре, бір жағынан, қатты қуанса, екін­ші жағынан, үлкен жауапкер­шілікті сезінді.


Оның даусы


Ақыры, Әміре Париж сахнасына көтерілгенде, өзіне таңғала қараған мыңдаған адамның назарын байқады. Себебі басқала­р сияқты онымен бірге шыққан оркестр, хор да болмады, оның орнына екі шекті домбырасын ал­ды.
«Әміренің даусы күннің күр­кірегеніндей, кейде аспанды жер­ге түсіріп, дүрілдеп, кейде баяу соқ­қан желмен қозғалған бида­йық­тың шашағындай сусылдап, сыбырлап кетеді»
делінген  Мәс­кеуде болған бүкілодақтық кеңес­­тер құрылтайында шыққан аталған концерт жөнінде жазылған мақаланың бі­рінде. «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз ар­ша», «Қос балапан» сияқты әндер­ді орындап, Еуропаны мойындатып, екінші жүлдемен марапат­талады.

Қызыл империя




Қазақ халқының әншілік өнері­нің шырқау шыңы, ерекше дарын иесі Әміренің тағдыры өкініш­пен аяқталды. Оған себеп — кеңестік жүйенің таққан жалған айы­бы. Парижде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқаймен кездесуі оның болашағына балта шапты.
Кеңес­тік делегация ішінде қазақтың бар екендігін білген Мұстафа Шоқай қо­нақүйге келіп, Әміремен кездесіп, әңгімелесті. Әміренің қолы бос ке­зінде оған Парижді көрсетті. ОГПУ қызметкерлеріне осының өзі жеткілікті еді…
Франциядан қуа­ныш­пен оралған Ә.Қашаубайұлы­на «М. Шоқайдың сыбайласы» деген айып тағылып, одан күн сайын жауап алып, соққыға жықты. Оның әріп­тестері мен достары Әміренің өмірінің соңғы он жылы азаппен өткенді­гін еске алады. Ашылып ешкімге тіс жармаса да, үнемі кө­ңіл күйі болмай, бет-аузынан соқ­қы­ның орындары анық байқалған.

1934 жылы 6-қарашада Алматы көшелерінің бірінде Әміренің өлі денесі табылды. Бір күннен кейін 7-қарашада Қазан төңкерісінің құр­­метіне болғалы жатқан Е.Бру­си­ловскийдің «Қыз Жібек» опера­сы­ның премьерасында басты рөл­­­дің бірін орындау туралы арма­ны жүзеге аспады. Әміренің қазасы  құпия  болып  қалды.


Ол…


Әміре Қашаубайұлы 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қайнар ауылында кедей отбасында дүниеге келді. Әке­сі Қашаубай, анасы Тойған да ән­шілік өнерден қалыс қалмаған. Әмі­ренің балалық шағы ауыл ба­йының малын бағумен өтті. Қолы босағанда, ән айтып, даусын шың­дайтын. Әнші бала туралы ауыл-ауылдан естіп, кейін ол той-жиын­ның ортасынан табылды. Әкесі Семей қаласына көшу туралы ше­шім қабылдап, Әміренің өмірінде жаңа кезең басталды.

Қала өмірі оның жан-жақты дамуына, саяси көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті. Семейде ашылған «Ес-Аймақ» атты қазақ жастарының ұйымына мүше болды. Осы кезде Әміреге кәсіби әнші болу туралы ой келсе керек. 1924 жылы әнші­лер арасында ұйымдастырыл­ған байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Оның ән­шілік өнері бүкіл Қазақ­станға кеңінен жайылып, Одақ, одан ЭКСПО-ға дейін жетті.

Міне, арада тура 92 жыл өткенде, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі төрткіл дүниенің назарын өзіне аударды. Бұл жолы көрме төрінде қазірдің өзінде талайды мойындатып үлгерген Димаш Құдайбергеновтей дарабоз талант ән салатын болады.

Дереккөз: Қазақпарат


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x