Біздің ғалымдар

Dalanews 15 қыр. 2016 11:24 963

Тәуелсіздік жылдары ғылым саласы көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Бірақ бұл ғылымға қызыққан адамдардың меселесін қайтара алған жоқ. Қайта бұл кезең қазақ ғылымын сұрыптау кезеңі болғандай.

“Шеврон” компаниясы және “Қала мен Дала” газетінің біріккен жобасы аясында біз қазақ ғылымының дамуына азды-көпті үлес қосқан тұлғалардың өмір жолы мен атқарған еңбегіне тоқталып өткенді жөн көрдік. 

 

Математик
%d0%b0%d1%81%d0%ba%d0%b0%d1%80-%d0%b6%d1%83%d0%bc%d0%b0%d0%b4%d0%b8%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d0%b5%d0%b201-1Қазіргі заманда шекара жойылған. Еліміз еңсесін көтеріп, егемендігін алған тұста майталман математик Асқар Жұмаділдаев бастаған білікті ғалымдар Батыстың маңдайалды оқу орындарында еңбек етіп, қазақ ғылымының әлеуетін сырт елге танытты.

Асекең Лейбниц, Цинбиель, Якобиан, Вронскиан, Новиков алгебраларының ассосимметриялық есептерін шешкен жалғыз қазақ.

Сенесіз бе? Американың математика қоғамы мәліметі бойынша оның ғылыми еңбектерінің сілтеме индексі 100-ден жоғары.

Тәуелсіздік жылдары Асекең шетелдің маңдайалды университеттерінде дәріс оқып, ғылыми жұмыстармен айналысуға бірінші болып шақырту алған.

1995 жылдан бастап 10 жыл Еуропада қызмет істеді. Гамбург, Мюнхен, Билефелд, Киото, Оксфорд, Стокгольм университеттерінде профессор болды. Ол Америка математика қоғамының, Швед корольдігі Ғылым академиясының, Жапон ғылым мен технология қолдау қорының, ИНТАС және Сорос қорының стипендиялары мен гранттарына ие болған. Солай.

Асқар Жұмаділдаев Тәуелсіздік жылдары екі рет Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланып, еліміздің дамуына қатысты тарихи шешімдер қабылдауға атсалысқаны белгілі. Ол – Қазақстанның тәуелсіздік декларациясын қабылдап, еліміздің Әнұраны, Елтаңбасын қабылдауға атсалысқан депутаттардың бірі.

 

Екеу...

0005Математиктер жайында сөз қозғағанда Мұхтарбай Өтелбаев пен Уәлбай Өмірбаев жайында айтпай кетуге болмайды. Алдымен Мұхтарбай Өтелбаев жайында айтайық.

ХХ ғасырда әлем ғалымдары жауабы жұмбақ деген 3 мыңға жуық есептің тізімін жасап, оның 15-ін ең күрделі есеп санатына жатқызған. 2000 жылы АҚШ-тың Клей атындағы математика зерттеу институты «мыңжылдық проблемалар» санатындағы 7 есепті іріктеп алып, шешімін тапқан адамға 1 миллион долларлық сыйақы тағайындаған.

Мұхтарбай Өтелбаев – «Навье-Стокс теңдеуінің мықты шешімінің болуын» есептеп шығарған ғалым. Мамандардың айтуынша, бұл есептер табиғат заңдарына тікелей байланысты. Жауабы тартылыс заңының жұмбақтарын түсінуге жол ашады екен.

Есептің жауабы табиғат апаттары – цунами, зілзала, торнадоны болжап, адам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғарышқа ұшқанда барлық қажеттіліктерге есептелген судың ұшу барысында шайқалып, тербеліс тудырмауы да осы есеп қорытындысына байланысты.

Бұған дейін Мұхаң әйгілі Штурм-Лиувилл операторының әмбебап формуласының шешімін тауып, әлемге аты жайылған. Математикалық көптеген теңдеулерді осы Штурм-Лиувилл формуласымен шешетін болса, әрі қарай есеп шығару оңай екен. Ал бұл теңдеуді әлемнің талай ғалымдары бастарын қатырып шеше алмай жүргенде, оның түйінін өзіміздің Өтелбаев тарқатып, әлем ғалымдарын тәнті етеді.

Мына қызыққа қараңыз, аталмыш теңдеуге ғалым «q*- Өтелбаев функциясы» деген функция енгізеді. Мұны әлем ғалымдары қазір осылай атайды.

Бұл жайында әзірбайжандық ғалым Алиев: «Мұхтарбай осы есептерді шешті де, спекторлық теорияны мұсылмандардың теориясы болғызды», – деген.

0004Екіншісі кім? Ол – Уәлбай Өмірбаев. Ол кім? Ол – еркін алгебрадағы Кон және Каргаполов сынды белгілі ғалымдар қойған математикалық мәселелерді шешіп, 30 жылдан бері шешілмей келген жапон математигі Нагата проблемасының түйінін тарқатты.

Уәлбай Өмірбаев Нагата құрастырған есепті шешумен 1972 жылдан бері айналысқан! Осы аралықта ғалым талай қиындықтарды еңсерді. 2004 жылы ол Кон проблемасын шешудің жолын жазып шықты. Осы мәселелерге арналған еңбектері үшін қазақстандық ғалым 2007 жылы Американың математика қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығына ие болады.

«Нагата есебі шешілді!» дегенді естіген кезде шетелдік ғалымдардың көбісі сенбеген екен. Гонконгте өткен ғылыми форумда Уалбай Өмірбаев бірнеше сағат бойы аяғынан тік тұрып, өз шешімін дәлелдесе де, шетелдік әріптестері міз бақпаған.

Олардың арасында «мұның бәрі бекер ғой, бұл кісіні неге тыңдап отырмыз» деп мұқатқандары да кездесіпті. Қазақ ғалымын бір ғана ғалым мұқият тыңдады. Ол – атақты математик Макар Лиманов еді.

Уәлбай Өмірбаев шаршап-шалдығып, орнына жайғаса бергенде, Макар Лиманов орнынан атып тұрып, тақтадағы есепке жүгірді. Оны қайта-қайта тексеріп: «Нақты және соңғы жауап осы, бұдан басқа жауаптың болуы мүмкін емес!» деп айқайлап жіберді.

 

Нобель сыйлығын алған алғашқы қазақ

0002Дүниежүзінде Нобель сыйлығын алуды армандайтын ғалым жоқ шығар?! Нобельге тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш ие болып, алаштың абыройын асырған дарынды ұлдың есімі – Достай Раманқұлов.

Ол – Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің түлегі. Ғалым еліміздің Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі және «КАТЭП» Ұлттық атом компанияларының бұрынғы еңбеккерлерінің бірі.

Осыдан біршама уақыт бұрын дүниежүзі бойынша ядролық қауіпсіздікті сақтаудағы еңбектері жоғары бағаланып, МАГАТЭ ұжымы және оның бұрынғы бас директоры Мұхаммед әл-Барадей халықаралық Нобель сыйлығымен марапатталғаны есімізде.

Сол кезде МАГАТЭ бойынша Нобель сыйлығымен марапатталған 11 адамның ішінде біздің жерлесіміз – қазақстандық Достай Төлемішұлы Раманқұлов болды.

Сондықтан Достай Төлемішұлын Нобель сыйлығын алған алғашқы қазақ деп атасақ болады. Ғылым саласындағы әйгілі сыйлықты алушылардың қатарына Достай Раманқұловтың болғанынан елімізде атом энергетикасы саласының қаншалықты дамығанын байқаймыз.

1999 жылы МАГАТЭ-нің штатында 2212 адам жұмыс істеген. Нобель сыйлығының лауреаттығына осыншама қызметкердің ішінен Достай сияқты 11 кәсіби маман ғана таңдап алынды.

Кейбіреу айтуы мүмкін: «бұл – Достайдың ғана емес, бүкіл бір ұжымның еңбегі» деп. Дұрыс, орынды уәж. Алайда екі мыңнан астам дүлдүлдің ішінен іріктелген таңдаулы 11 адамның қатарына қосылудың өзі кімнің кім екенін аңғартып тұрған жоқ па?! Рас қой? Сосын Нобельді белгілі бір топ өкілдеріне беру – әу баста қалыптасқан дәстүр. Ғылым, техника және басқа салалар бойынша бір мезгілде бірнеше адамға берілгендігі тарихтан мәлім. Солардың бәріне «Нобель сыйлығының лауреаты» деген диплом тапсырылған. Ендеше, отандасымыздың бағындырған биігіне күмәнмен қарамауымыз керек.

 

Жаңа қуат көзі

Дәстүрлі емес қуат көзі деген бар. Қазір бұл – тренд. Бұл бағытта «Назарбаев университетінің» ғалымдары барын салуда. Бұл тарапта біз эксклюзивті жаңалық таптық.

0003Аталмыш оқу орнының профессоры Жұмабай Бәкенов әдеттегі батареядан бірнеше есе көп қуат беретін батарея ойлап тапқан! Бұл жобаға Дүниежүзілік банктің өзі қызығушылық танытып, арнайы грант бөлген.

Мамандардың айтуынша, қазақ ғалымы ойлап тапқан батареяның қазіргі уақытта қолданыста жүргендерге қарағанда мүмкіндігі әлдеқайда көп. Егер қазір қолымызда жүрген смартфондардың қуаттандыратын бөлігін жаңа батареямен алмастырсақ, телефонымыз 10 есе артық жұмыс істеп, қуатын ұзақ уақытқа дейін сақтайды екен.

Ұялы телефондарға арналған батарея бұл үлкен жобалардың бастауы ғана. Ғалымның көздегені әріде. Жұмабай Бәкенов елімізде алғашқылардың бірі болып электромобиль құрастырған Таир Балабаевпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде.

Олар көліктерге арналған арнайы үнемдегіш батарея жасауда. Қуат үнемдейтін аккумулятор 2017 жылы ЕХРО көрмесінде көпшілік назарына ұсынылмақ.

 

Ал керек болса?

Графен деген не? Алдымен соны айтайық. Бұл – бұл кәдімгі алмаз бен графиттен ерекшеленетін көміртегінің жаңа формасы. Сенесіз бе, 2004 жылға дейін графенді ешкім ала алмады.

Графен не үшін керек? Ол – электр тогын мыс сияқты жақсы өткізеді. Осы себепті де оны сенсорлы дисплейлер мен күн батареяларын жасауда қолдануға болады. Ең бастысы графен қатерлі ісікті емдеуі мүмкін. Қатерлі ісікті графен мен лазердің көмегімен емдеу әдісі қазір қолданысқа кіруде. Бірақ...оны алу өте қиын.

Осы графенді алған қазақ бар. Ол – Бағила Байтымбетова.

Ол графенді қалай алуды ойлап тапқан алғашқы ғалымдардың бірі. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Негізінде білу керек едік...

Оның графенді қалай алғанын ғылыми тілде түсіндіріп басыңызды қатырмайық. Айтарымыз, Бағила Байтымбетованың әдісі бойынша осы күнге дейін ешбір ғалым графен алмаған!

Тағы да айтайық, графенде электрондар өте жылдам қозғалады. Осының арқасында графеннен жасалған ұялы телефондар мен компьютерлер жылдам жұмыс істейтін қасиетке ие.

 

Жастарға да орын бар

0001Оның аты – Ерлан Досжан. ТМД-дағы «Үздік жас ғалым»  атағын  иеленген. Оның жерге төгілген мұнай мен мұнай өнімдерінен қоршаған ортаны тазартуға бағытталған жобасы сенсация болды.

Кей жағдайда мұнай құбырлары жарылып, қоршаған ортаға орасан зор көлемде зардабын тигізеді. Жас ғалымның ғылыми жобасы осы зардаптарды жоюға бағытталған.

Әдетте мұнаймен ластанған жерлерді термиялық, механикалық әдіспен тазартады. Әрине, мұның басқа да жолдары бар. Соның бірі – биологиялық әдіс. Бұл тәсілдің өзі – биоремедиация және фиторемедиация деп екіге бөлінген. Ластанған жерлерді түрлі бактериялармен тазарту биоремедиация тәсіліне жатады. Ал фиторемедиация әдісі барысында ластанған жерлерге өсімдіктер отырғызып, аймақты қалпына келтіруге болады. Ерлан Досжанның мұнай мен мұнай өнімдерімен ластанған аумақтарды тазарту жобасы биоремедиация тәсіліне жатады.

Биоремедиация тәсілі барысында псевдомонас туысына жататын бактерияларды дайындап, мұнаймен ластанған жерлерге сеуіп, алты ай сайын бақылаған. Нәтижесінде мұнаймен ластанған жерлер қысқа мерзім ішінде 87-90 пайызға дейін тазарған. Көрдіңіз бе, қалай?!

Ғалым ластанған жерлерге бактериялар көктем мен күзде себу керек екенін алға тартады. Ал қыс кезінде суықтың әсерінен бактериялар өмір сүруін баяулатады. Сондықтан ластанған аймақтарды биоремедиация тәсілімен тазартуға көктем қолайлы. Бактерияларға суық қалай әсер етсе, жоғары температура да солай әсер етеді. Жас ғалымның бұл жобасына еліміздің мұнай компаниялары үшін маңызды екені сөзсіз.

 

 

P.S. Біз еліміздегі ғылымның дамуына қатысты мақаламызда бірнеше ғалымның еңбегін әңгімемізге арқау еттік. Ғалымдар еңбектеніп жатыр. Әттеген-айы, олардың жұмыс нәтижесін өндіріске енгізіп, елдің игілігіне жарату жағы олқы соғып тұр.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x