Тәуелсіздік және отанына оралғандар

Dalanews 05 қыр. 2016 07:13 427

"Қала мен Дала" газеті мен "Шеврон" компаниясының біріккен жобасы

Қазақстан Республикасы өз билігін қолына алып, Тәуелсіздік жариялағалы бері 25 жылдың ішінде елімізге алыс-жақын шетелдерден 1 миллионға жуық қандасымыз оралды. Олардың ішінде елге келген соң талантымен айрықша танылып, қазақ өнерінің көкжиегін кеңейткендер көп.

 

2(196)Өзтүрік

Көзі тірі болса биыл Мұстафа Өзтүрік 62 жасқа толар еді. 1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына келеді.

Естеліктерінде: «Ұшаққа отырғанда қазақша сөйлеген адамдарды көрдім, ұшақта қазақ күйін естідім. Ондай толқыған сәтті сезінбеп едім», – деп еске алды ол елге келген сәтін.

Мұстафа Өзтүрік – 1954 жылы Стамбұлда туған. Мұстафа Өзтүрік – қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.

Ал 1990 жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады.

Оның шын есімі – Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман. Білмеген болсаңыз, Өзтүріктің негізгі мамандығы – журналист. Ол 6 тілді жетік меңгеріп, еркін сөйлеген. Әлемдік деңгейдегі бірнеше фильмге түсіп, актерлік шеберлігін де байқатқан. Бұл дүниемен қоштасқанда жасы бар-жоғы 40-та еді...

Марқұмның денесі Стамбұл қаласында, әкесінің жанында жерленген. Қазір оның жесірі Нүрилә, ұлы Нәзірбек, екі қызы Неслі мен Аслы Мюнхенде тұрады.

[caption id="attachment_19616" align="alignright" width="500"]DSC_0040 Ғалым Кен Әлібек[/caption]

Оқымысты

Оның шын аты – Қанатжан Байзақұлы. АҚШ-та Кен Әлібек немесе Кеннет Әлібек деген атпен танымал болған дәрігер, ғалым, иммунология және инфекциялық аурулар маманы.

Ол Құрама Штаттар өтінішімен биологиялық қаруға қарсы тұра алатындай медициналық препаратты іздестіру жөніндегі ғылыми жұмысымен шұғылданады. Сөйтіп, табысты еңбегі үшін АҚШ-тың үкіметтік марапатына ие болады.

Кен Әлібек –  2000-2006 жылдар аралығында BBC-дың шешімі бойынша ең ұлы тарихи тұлғалар тізіміне енді. Америкадағы Джордж Мейсон Университетінің профессоры, АҚШ Биологиялық қауіпсіздігі ұлттық орталығының басқарушысы болды.

Әлемдегі биологиялық соғыс пен терроризм қаупін азайтқаны үшін АҚШ конгресінің «Әлем жетістігіне ауқымды үлесі үшін» медалімен мараппаталды.

Міне, сол Кен Әлібек жиырма жыл АҚШ-та тұрып 2010 жылы елге қайта оралды. Алайда, мұндай шешім қабылдау оған оңай болмаған сияқты. Елбасы 2000 жылдардың басында Канатжанды елге шақырған көрінеді. Бірақ шетелдегі жайлы тұрмысын қимай, Елбасының ұсынысынан әуелде бас тартқан екен. Кейін Назарбаев университеті ашылады дегенде барып, Қазақстанға келуге бел байлаған. Қазір «Назарбаев университеті» АҚ президентінің кеңесшісі болып жұмыс істейді.
«Ғалымдардың сыртқа кетуінен қорқудың қажеті жоқ, кеткен адам қайтып оралатыны заңдылық. Мен Қазақстаннан кеткеніммен, өз отанымды ешқашан ұмытқан емеспін. Менің әйелім американдық болғанымен, мен өз түп тамырымның Қазақстанда екенін жақсы білемін», – дейді ол.

Бүгінде 110 ғылыми мақала мен 11 ғылыми кітаптың авторы саналатын Қанатжан Әлібеков жайлы шытырман оқиғалы роман жазуға болар еді.

[caption id="attachment_19617" align="alignright" width="218"]1364536443-750 Тарихшы З. Қинаятұлы[/caption]

Елге оралған ғалымдар

Тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден келген қандастардың ішінде әр саланың ғалымдары жетерлік.

Солардың ішінде тарихшы Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы, қытайтанушы Нәбижан Мұхаметханұлы, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы, жапонияда ұзақ жыл ғылыммен айналысқан, медицина саласы бойынша докторлық қорғаған Уатқан Сәйпілұлы, дінтанушы Мұртаза Бұлұтай, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы, одан өзге жаратылыстық ғылымдар саласында докторлығын Еуропа, АҚШ, Қытай елдерінде қорғаған көптеген ғалымдар бар.

Айталық, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тарихшы З. Қинаятұлы Моңғолия еліне өте сыйлы тұлғалардың бірі.

Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған ол сол жылдары осы елдің жаңа Ата заңын жасаушылардың бірі болып қызмет еткен. Елге келген соң ұзақ жыл Ә.Марғұлан атындағы тарих институтында ғылыми жұмыспен айналысып келеді.

11110

«Көк тудың желбірегені»

Тәуелсіздіктің елең-алаңында елге оралғандардың ішінде белгілі әнші, композитор, актер, ақын-жазушы Ермұрат Зейіпхан бар болатын.

Е. Зейіпхан 1966 жылы дүниеге келген бірегей талант иесі сол жақта орта мектепті, Өнер институтын бітіріп, 1991 жылы арнайы оқу бағдарламасымен атамекенге оралған.  1993 жылы өткен республикалық «Үкілі үміт» байқауында ІІ орын иеленеді. Оның жұлдызды сәті сол кезден басталады. Қытай мен Қазақстанның арнайы оқу бағдарламасымен келген жастардың дені кері қайтқанда, Ермұрат бастаған бірнеше талант атамекенде қалуға ниет білдіреді. «Егер Қытайға кері оралса, онда атамекенге қайта келулері қиын еді», – дейді замандастары.

Ол осы кезде бүкіл қазақ жатқа айтатын «Көк тудың желбірегені» әнін жазады.

Ермұрат Зейіпхан – 1966 жылы Қытайдың Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. 1991 жылы күзде Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан білім алады. Ол М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Абай атындағы Опера және балет театрында, Қорғаныс министрлігінің ансамблінде қызмет етті. «Сыбызғы сарыны» атты прозалық жинағы, «Өзіңе арнадым», «Бұ дүние», «Үшбурыл» секілді поэзиялық жинақтары жарық көрген. Әртүрлі ән, өнер байқауларының жеңімпазы. ҚР Мәдениет қайраткері.

Ермұрат Зейіпхан – «Көк тудың желбірегенінен» бөлек 100-ге жуық әннің авторы. Оның «Күнес-ай», «Жайлауым – әнім», «Дүниеғапыл», «Адуынгер», «Екі дүниеде жалғызым», «Айтүрік-ару», «Жанар қыз» секілді әндері күллі қазаққа танымал.

Өзінің өнерімен де, болмысымен де жұртшылықты тәнті етіп, елге ерте танылған Ермұрат Зейіпханұлы 2011 жылы беймезет бақилық болды.

44444Әлемге танылған әнші

Майра Мұхамедқызының есімі аталса, танымайтын қазақ жоқ. Ол – қазақ ән өнерін әлемге танытқан санаулы әншілердің бірі. Опера әншісі, даусы кең диапазонды, бірегей тенор иесін Еуропа жұртшылығы Францияның әлемге әйгілі «Гранд Опера» сахнасында шырқаған әндерімен таныды.

Майра Мұхамедқызы – 1965 жылы Қытай Іле аймағы Құлжа қаласында дүниеге келген. Қазақтың әлемге танымал опера әншісі. Париждегі «Гранд Операда» Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера жұлдызы. Майра Мұхамедқызы Бейжің Ұлттар университетінің Музыка факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Пекин Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген. 1994 жылы Қазақстанға біржолата оралған. Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (профессор Н.А. Шариповтің сыныбы) стажировкадан өткен.

Абай атындағы Опера және балет театрында әнші ретінде көптеген рөлдерді сомдаған.

Майраның театрдағы репертуарында Брусиловскийдің операсындағы Жібек, Жұбанов пен Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар, Вердидің «Травиатасындағы» Виолетта, «Риголеттодағы» Джильда, Бизенің «Кармен» операсындағы Микаэла, Доницеттидің «Лючия ди Ламмермурдегі» Лючия, Гуноның «Фаустындағы» Маргарита, Пуччинидің «Турандот» операсындағы Лию және басқа да партиялары бар.

«Менің бағым – Қазақ елінің тәуелсіздігі, – дейді әнші. – Егер Қазақстан Тәуелсіздігі болмаса, менің мұндай биікке көтерілуім неғайбыл еді. Бұл үшін бірінші Аллаға, содан кейін Тәуелсіз отаныма алғыс айтамын!».

 111

Мың бұралған Шұғыла

Қазақ би өнері десе, аузымызға ең алдымен ілінетін – Шара Жиенқұлова. Ол аңыз еді. Оның өмірі «Қазақта би болмаған, өнерді біз үйреттік» дейтін өктем саясатты жоққа шығарды. Кең сахараның төсін ән мен күйге, жыр мен биге ұйытқан дарындар шоғыры ғасырлардан ғасырларға жалғасып келеді.

Ш. Сапарғалиқызы1971 жылы Қытай Халық Республикасы Іле-қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Бесінші сыныпта Бейжің қаласына хореографиялық мектепке қабылданады.

Ол 1991 жылы Бейжіңде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне қабылданып, Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді. 1992 – 1995 жылдары Қытай Орталық Ұлттар университетінің халық биі факультетінде білім алады. 2000 жылы Қазақстан Президентінің «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – дегенінен кейін елге оралып, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады.

Шұғыланың өзі болса әрдайым өнер үшін қағілездік, ізденімпаздық керек екенін айтады. «Мен өнерді өзімнің өмірім деп білдім. Өмірімдегі түрлі қиыншылықтар менің өнерге махаббатымды босаңсыта алған жоқ, керісінше, қасқайып қарсы тұруға ұмтылдым. Қайда жүрсем де қимыл мен жарасымдылық іздеймін. Күллі дүние ритмді, ретті, музыкаға толы қозғалыстардан құралатынына имандай сенемін», – дейді.

Ол қазір өзінің жеке өнер ордасын ашып, шәкірттер тәрбиелеп жүр. Өнертанушылар Шұғыла қазақ биінің жаңа бедерін қалыптастырды деп бағалайды. Оның би әлеміндегі орны мен үлесі өлшеусіз дейтіндердің қарасы мол. Ол туралы бірнеше деректі фильм түсірілген.

Без названия

«Ерке-Нұр»

Қазақ ұлттық киімдері мен сауға сыйларын әзірлеумен аты шыққан «Ерке-Нұр» компаниясы елімізге ғана емес, шетелге де танымал. Оның өнімдерін қазақстандық кәдесый ретінде шетелге әкететін қонақтар аз емес. Осы компанияның негізін қалаушы, кәсіпкер, Алматы қаласы мәслихатының депутаты – Фарида Мерхамитқызы. «Ерке-Нұрдың» ұлттық киімдерін шетелдік меймандарға арнайы кигізіп, қазақ халқының тарихи киімдерінің сән мен салтанатын паш етіп жүргенімізге бірталай жыл болды.

Фарида Мерхамитқызы1966 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1994 жылы отбасымен бірге атамекені Қазақстанға оралып, кәсіпкерлікпен айналысты. 2004 жылы «Ерке-Нұр» сән театрын ашты.

Фарида ханым өз компаниясынан бөлек, қоғамдық жұмыстармен жиі айналысады.

Жалпы, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Түркия елдерінен келіп, өз кәсіптерін ашып, ел экономикасын көтеруге үлес қосып жүрген кәсіпкерлер жетерлік.

img

«Қазақ»

Әлемге танымал боксшы Қанат Исламның лақап аты – «қазақ». Бейжің олимпиадасына Қытай құрамасының атынан қатысып, қола жүлдеге ие болған Қанат Ислам көп өтпей елге оралған.

Осыдан 3 жыл бұрын АҚШ-қа кәсіпқой бокс ұйымдастыратын компаниялардың бірімен келісімге келіп, алысқа аттанған боксшының жетістіктері аз емес. Қазір кәсіпқой бокстан бірнеше серия бойынша жеңімпаздар қатарында. 20-ға жуық кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен оның жұлдызды шағы алда деген болжам жасайды спорт мамандары.

Қанат Ислам – 1984 жылы Қытайдың Іле-қазақ автономиялы облысы Алтай аймағында дүниеге келген. Қазақтың даңқты боксшысы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы. Яғни, Қанат Ислам орташа жеңіл салмақ бойынша Кариб аймағының үздігі. Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы.

«Менің арманым, – дейді Қанат, – спортпен ақша табу емес, қазақтың атын әлемге таныту. Мен Қазақстаннан өзге елде өмір сүре алмаймын. Өзімді тек Отанымда ғана еркін сезінемін. Шетелге кеткен сайын осы байтақ даламды сағынамын».

P.S. Елге оралғандардың ішінде небір талантты, әдебиетте, өнерде, ғылымда, қоғамның сан-саласында еңбектеніп жүргендер жетерлік. Біз солардың ішінен Тәуелсіздік тұсында айрықша жарқырай көрінгендерін ғана іріктеп алдық. 


А. Күнтуған


Суреттер интернеттен және танымал фотограф Нұрғиса Елеубековтің архивінен алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x