"Береке" банкте береке болмай тұр. "Бәйтерек" проблемалық портфелді сатуға қойды...

Dalanews 22 мам. 2023 09:21 346

"Бәйтерек" холдингіне "Береке" банкті "асырау" ауыр соққан сыңайлы. Береке енді "Бәйтерекке" де керек болмай қалды...

Путиннің авантюрасынан алдымен Сбербанк зардап шекті. Санкция салдарынан есеп-қисап жасасу мүмкіндігінен айырылған ресейлік банк Қазақстандағы еншілес ұйымды сатып тынған еді.

Сбербанктен мұраға қалған құрылымды санкция құрсауынан шығару үшін "Бәйтерек" біраз тер төкті. Бұған холдингтің сапындағы шетелдік топ-менеджерлер үлес қосты деп топшылауға болады.

"Берекені" реприватизация жасауға шешім қабылдаған холдинг қаржы институтының 100 пайыз акциясына иелік етеді.

"Бәйтерек" банктің бабын білетін халықаралық деңгейдегі қалталы, қауқарлы инвестор іздеуде.  Осы арада бір нюанс бар:

Dalainside арнасына пікір білдірген сенімді дереккөз: түп-тұқияны Ресейден тарайтын банкке "құда түсушілер" жоқтың қасы екенін айтты. Батыс акционерлері Сбербанктің шекпенінен шыққан құрылымның қожайыны атанып репутациясына дақ түсіргісі келмейді. Катарлық кәсіпкерлер де "Берекеден" бәлендей потенциал көріп тұрған жоқ.


Жаңа Қазақстан қытайлық инвесторларға қолқа салуы мүмкін. Бірақ олардың да мұндай авантюраға араласа қоюы екіталай.

"Бәйтеректің" банкті сату туралы шұғыл шешім шығарғаны да түрлі ойға жетелейді.

Санкцияға ұрынбау үшін Брюссельге сапар шеккен Смайылов үкіметі соңынан сөз ерген құрылымнан біржолата құтылу туралы ұйғарымға келгендей. Бастауын Ресейден алатын банкті жекенің қолына табыстай отырып, санкция тәуекелін төмендетуге болады.

Біздегі ақпарат бойынша "Береке" банк холдингтің қалтасына салмақ салып отыр. Салдарынан "Бәйтеректің" маневр жасайтын мүмкіндігі шектеліп, банктен өзге маңызды жобалары тұралап қалған.


"Берекені" кім алады? "Береке" кімге керек? Банктен арылуды көздеген холдинг басшылығы үшін бұл сауалдың басы ашық.

"Бәйтерек" демекші, ұлттық компания жыл басында Батыстың үш бірдей ТОП-менеджерін жұмысқа шақырған.

Холдинг басшысы Қанат Шарлапаев неміс – Манфред Грундке, америкалық Дэниел Уитт және француз қаржыгері Мари-Элен Берарды аттай қалап алдырған. Бұлардан келіп-кетер пайда бар ма?

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x