ДЕВАЛЬВАЦИЯ: БОЛА МА, БОЛМАЙ МА?

Dalanews 14 қаз. 2014 12:59 436

Үкімет "болмайды!" дейді. Ал халықтың атқарушы билікке деген сенімі бәсеңсіген. Сондықтан кез келген қауесет пен сыбыстарға құлақ түре жүруді әдетке айналдырған сияқты. Ақпан девальвациясынан есеңгіреген жұртшылық енді ғана есін жиып, сақтық таныта бастаған.

 www.turkystan.kz

  Девальвация туралы күдіктің қайдан туғаны белгілі. Жуырда Дүниежүзілік банк Қазақстан көрсеткішін қайта өзгертіп, мүлде басқаша бағалады. Жыл басындағы жақсы жағдай бірден құлдырап шыға келді. Нәтижесінде еліміздің 2014 жылғы ЖІӨ-і 5,8-6 пайыздан 5,1 пайыздық көрсеткішке түсіп қалды. "Бүгінде девальвация ертең немесе арғыкүні болады деген ақпарат жоқ. Сіздерге айтайын, девальвацияның болуы шамаланып отырған жоқ", - деді Досаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

[caption id="attachment_8187" align="alignleft" width="214"]Магбат Спанов: халық еліміздің қаржылық әлеуетіне, атқарушы билікке сенімсіздікпен қарайды. Магбат Спанов: жұрт еліміздің қаржылық әлеуетіне, атқарушы билікке сенімсіздікпен қарайды.[/caption]

  Ал девальвация туралы экономист Магбат Спановтан сұрағанымызда, сайлауға дейін теңгенің құлдырамайтынын айтты. 

«Бұл мәселе соңғы кездері жиі көтерілуде. Дегенмен,бұл келеңсіздік нені білдіреді? Менің ойымша, халық еліміздің қаржылық әлеуетіне, атқарушы билікке сенімсіздікпен қарайтын болған. 2014 жылғы ақпан айындағы девальвацияның кері ықпалы көп болды. Атап айтсақ, Үкіметтің алдын-ала айтқан уәделері орындалмады. Сондай-ақ назар аударатын бір жайт, бұл девальвация 2009 жылғы девальвацияға өте ұқсас. Бұл жерден белгілі бір динамиканы анық байқауға болады. Мысалы, 1999 жылы ресми түрде девальвация жарияланса, одан кейін 2009 жылы, кейінгісі 2014 жылы орын алды. Байқасақ, арақашықтығы жыл өткен сайын қысқарып отыр. Экономикаға, қаржы жүйесіне қысым көрсету ұлғайған. 90-жылдардағы реформалар 2000 жылдардың басында белгілі бір экономикалық өсімге қол жеткізуге септігін тигізсе де, қазір мүлде басқа қырын танытып отыр. Әрине, оған әлемдік экономиканың да әсері бар. Сондай-ақ Кедендік одақтың бір бөлігіне айналдық. Қазақстанның сауда-саттық бо­йынша негізгі серіктесі. Осының барлығы жергілікті халық саяси институттарға да, еліміздің экономикасына да сенбейтіндігін көрсетуде. Нәтижесінде капитал сыртқа ағатын болады. Жекешелендіру оралымсыз жүзеге асырылатындықтан, қара­жат­тың елден жыраққа бағытталуына әкеп соқтыруда", - деді экономист.

  Министр Досаев мырза бұл тұрғыда Ресей Федерациясының төл валютасы мен экономикалық ахуалын жіті қадағалап отырғанын атап өтті. "Биыл Ресей экономикасының өсімі 0,6 пайыз болады деп шамалағанын ескере отырып, болжамдарымыз өзгерді, бірақ соңғы уақытта халықаралық агенттіктер мен түрлі қаржы ұйымдары анағұрлым төменгі өсім туралы айтып отыр. Ұлттық банк Үкіметпен бірге Ресей рублінің я нығаятынын, я әлсірейтінін білу үшін алдын алу шаралары жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр», - деді ол.

 

[caption id="attachment_8188" align="alignright" width="206"]Олжас Құдайбергенов: сарапшылар  рубль 10 пайызға төмендесе, теңгені де 10 пайызға әлсірету керек дегенді айтып жүр. Олжас Құдайбергенов: сарапшылар
рубль 10 пайызға төмендесе, теңгені де 10 пайызға әлсірету керек дегенді айтып жүр.[/caption]

Рубльдің құлдырауы Қазақстанның Ұлттық банкінің қазіргі саясатының өзгеруіне әкелмейді. Осы орайда экономист, Экономистер ассоциациясының атқарушы директоры Олжас Құдайбергеновке осы сауалмен арнайы хабарласқан едік.

- Негізі Ресей рубльді еркін айналымға жіберудің аз-ақ алдында. Қазақстанның екшелген курсына қарағанда Ресейдегі валюта курсы үнемі өзгеріп тұрады, мәселен бірде құлдыраса, бірде беки түседі. Сондықтан айтарлықтай өзгеріс болмайды. Сарапшылардың есептеуінше, рубльдің долларға қатысты нағыз курсы 36-37 деңгейінде, ал үстіндегісі геосаяси премия. Басқаша айтқанда, рубльдің әлсіреуінің себебі Украина жағдайы мен соған байланысты туындаған санкциялар салдарынан. Егер де бейбітшілікке қолжеткізіп, санкциялар күшін жоя бастаса, рубль бірден бекиді. Міне, осы кезде теңгенің рубльге қатысты  курсы тұрақталады. Себебі елімізде девальвация артығымен жасалған, егер рубльдің құлдырауына негізделген психологиялық факторлар жойылса, нарық теңгенің күшеюіне әсер ете бастайды. Егер жағдай бұдан да нашарласа, рубльдің де жағдайы нашарлай береді.

   Кейбір сарапшылар рубль курсының өзгеруін тым жақын қабылдайды. Сондықтан курсты тікелей байланыста өзгертіп отыру керек дегенді ұсынады. Яғни рубль 10 пайызға төмендесе, теңгені де 10 пайызға әлсірету керек дегенді айтып жүр. Бұл бір ғана дерекке сүйенген біржақты талдау. Себебі мұндай мәселелер жан-жақты талдауды талап етеді. Олай болса мұндай тікелей байланысты жасамауға бірнеше себеп бар екенін айта кеткен жөн. Ресейлік рубльдің құлдырауы Ресейдің ішкі нарығындағы бағаларының өсіміне әкеледі. Бұл ресейлік тауардың арзандауын жояды, ендеше Қазақстанға жіберілетін импортты да азайтады. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, рубльдің динамикасы теңгеге әсер етпейді деп айтуға болады, - деді Құдайбергенов мырза. 

 

Ақниет ОСПАНБАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x