AIX биржасы ұлттық компаниялардың IPO-сына тікелей жазылу тетігін іске қосады

Dalanews 01 шіл. 2022 14:48 189

Астана халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған Astana Finance Days халықаралық конференциясы аясында Astana International Exchange («AIX», «Биржа») жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына» қорының алдағы өтетін ІРО-сына тікелей жазылым платформасын ұсынды, ол Қазақстан Республикасының бүкіл азаматтарына ұлттық компаниялардың акцияларына жазылуға тең қолжетімділік береді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмысын атап өтті.

2022 жылғы 27 маусымда өткен «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырыс барысында «Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек», –деп атап өтті мемлекет басшысы.

Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев былай деп хабарлады:

«Халықты барынша тарту мақсатында, біз Қазпоштаның, биржалардың және брокерлердің цифрлық инфрақұрылымын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Мысал үшін, акцияларды үйден шықпай-ақ мобильді қосымшаларды пайдалана отырып, сатып алуға болады, ал шалғай өңірлер үшін – Қазпошта бөлімшелерінің қызметтері пайдаланылады».

АІХ басқармасының төрағасы Ренат Бектұров былай деп мәлімдеді:

«Біз Қазақстан азаматтары алдағы IPO-ға қатысудың ең қарапайым және түсінікті әдісіне ие болуы тиіс деп санаймыз. Акцияларды жария орналастыруды мүмкіндігінше қолжетімді болатындай және инвесторларды сатып алуға және сатуға ғана емес, сонымен қатар акцияларды өз портфельдерінде ұзақ уақыт ұстауға ынталандыратындай етіп құрылымдау өте маңызды. AIX бұған инновациялық шешімдер мен біздің сауда алаңымыздың мүмкіндіктерінің көмегімен жәрдемдесуге дайын».

 Тікелей жазылу – акцияларды бастапқы орналастыру кезінде делдалсыз (брокер немесе андеррайтер) тікелей эмитенттен сатып алу туралы шарт жасасу. Тікелей жазылу бөлшек және институционалдық инвесторлардан брокерлер немесе андеррайтерлер (букбилдинг) арқылы тапсырыстарды жинаудың әдеттегі әдісімен қатар жүргізілуі мүмкін.

Тікелей жазылым барлық қазақстандықтар үшін Tabys мобильді қосымшасы және/немесе Қазақстанның барлық өңірлеріндегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы қолжетімді болады.

IPO-ға тікелей жазылуды Tabys арқылы ресімдеу үшін инвестордың жеке куәлігі, банк картасы және интернетке қолжетімділігі бар смартфоны болуы қажет. Қызмет тәулік бойы онлайн режимде қолжетімді.


Тағы бір нұсқа – «Қазпоштаның» жақын жердегі бөлімшесіне барып (Қазақстан бойынша 721), тікелей жазылуды ресімдеу және қажет болған жағдайда, жазылымға қатысуды тіркеу бойынша кеңес алу үшін операторға өтініш жасау.

Серік Саудабаев, "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы:

 "Біз бұл процестің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Қазақстандықтардың IPO-ға қол жеткізуіне ықпал етеміз. Жазылу "Қазпоштаның" бүкіл елдегі 721 бөлімшесінде қолжетімді болады. Әрі осы қызметпен еліміздің барлық облысын қамтуға мүмкіндік береді. Біздің операторлар клиенттерге көмек көрсетуге және олардың  сұрақтарына жауап беруге дайын".

Алда өткелі отырған IPO-ға кез келген брокерлер (AIX сауда мүшелері) арқылы дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.

Алдағы IPO бойынша тікелей жазылу үшін AIX платформасы IPO параметрлері ресми жарияланғаннан кейін Tabys қосымшасында және 721 Қазпошта бөлімшелерінде қолжетімді болады.

Tabys мобильді қосымшасы 2020 жылдың желтоқсан айында AIX қолдауымен білім беру мақсатында іске қосылған, ол бөлшек сауда инвесторларына кіру шегі төмен капитал нарықтарында инвестициялаудың қарапайым құралын ұсынады. Бүгінгі таңда Tabys қосымшасында 25 мың инвестор шоты ашылған. Оны AppStore-дан және Google Play-ден жүктеп алуға болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x