Қоғамдық кеңес «Samruk-Kazyna Trust» қорының есебін тыңдады

Dalanews 27 мау. 2022 09:27 151

Атап өтерлік жайт, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын аталған ұйым алғаш рет жұмысын осындай қоғамдастық талқысына салып отыр.

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің алдындағы есебінде Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева 2021 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын және бұқаралық спорт, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, өңірлерді кешенді өркендету бастамаларын қолдағанын жеткізді.

«Қордың 2022 жылға арналған Қайырымдылық бағдарламасы 10 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде бүгінде 4,18 млрд теңгенің 14 жобасы мақұлданды. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға өтінімдер «Samruk-Kazyna Trust» сайтында орналастырылған қайырымдылық көмек көрсету ережесіне сәйкес үкіметтік емес ұйымдардан қабылданады. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» кәсіпорындары бар өңірлерде өзіміз жобаларды жүзеге асыруға бастама көтере аламыз», - деді есептік сөзінде «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Мақұлданған жобалар арасында аутистік спектрдің аурулары мен ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған 8 орталық құру, дамуы бұзылған және олардың туындау қаупі бар балаларға ерте диагностикалық және абилитациялық көмек көрсету бойынша 13 ерте араласу орталығын құру, сондай-ақ Атырауда ерекше балаларға тегін көмек көрсету бастамасы бар.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры бүгінде Қазақстанның шалғай елдімекендеріне сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» пойыздарын табысты іске қосып, «Басқарылатын гипотермия» инновациялық жобасы аясында Қарағандыда 11 нәрестенің өмірі құтқарылды. Алдағы уақытта нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайту ниетімен тағы бес перинаталдық орталықты терапевтік кешендермен жабдықтау көзделіп отыр.

«Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары бар өңірлерді дамыту аясында биыл Жаңаөзен қаласының 3 мектебін жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықталса, отбасылық аула клубтарын демеу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін түрлі секциялар ұйымдастырылуда. Шымкент қаласында нейро-ортопедиялық бұзушылықтары бар балаларды оңалту қолға алынбақ. «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз!», «Жетім балаларсыз Қазақстан» жобалары да жалғасын таппақ. Аға буын өкілдеріне қамқорлық танытуда «Тағылым» және «Жеңіс» жобалары жүргізіліп, ауылдық жерлердегі балаларды спортқа баула «Батыр боламын!» жобасының арқасында 20 спортзал ашылмақ. Бұдан басқа, «Samruk-Kazyna Trust» мемлекеттік тілдің көкжегін кеңейтуде «Soyle» жобасын қолдауды жөн деп тапты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x