Несиенің «қара тізімінен» шығудың мүмкіндігі пайда болды

Dalanews 26 мам. 2021 03:39 246

Белгілі қаржы сарапшысы, журналист Айбар Олжаев бұған дейін кредитін қайтара алмай, істі болып, «қара тізімге» енгендер банктен ипотека ала алмай жүргенін айта келе, енді мемлекет осы азаматтарға кредит есігін қайта ашу үшін жаңа қадамға бармақшы екенін айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

2021 жылдан бастап Қазақстанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) енгізген қарыз алушыларды оңалтудың жаңа тетігі жұмыс істейді.

ҚНРДА мәліметі бойынша, сәуір айының соңына таман кредиттер бойынша «оңалтылды» деген мәртебені автоматты түрде 1 419 000 азамат алған.

Демек, бұған дейін ипотека ала алмай жүрген бір жарым миллионнан астам отандасымыз енді үй жайын жақсартуға мүмкіндік алып отыр.

Азаматтар «қара тізімге» қалай кіріп кеткен?

ҚНРДА мәліметі бойынша, несие қарызын 90 күннен астам уақытта төлемеген жағдайда, ақпарат кредиттік бюро жүйесінде көрсетіледі. Сол сәттен бастап банктер мен микроқаржылық ұйымдар несие бермейтін болады. Сондықтан өзіңіздің кредиттік жауапкершілігіңізге мұқият болғаныңыз жөн.

Кредит төлеуді бір-екі күнге кешіктірсе ше?

Егер бір-екі күн несие төлемін уақытында төлемесеңіз, қатты қобалжудың қажеті жоқ. Сол кешіктірілген уақытқа есептелген өсімін (пеня) қосып, өтеп тастаған абзал. Ол жағдайда ешқайда ақпарат жіберілмейді. Тек банк менеджері хабарласып, еске салуы мүмкін. Кредиттік бюроға ақпарат тек несиені өтеу мерзімі 90 күнге кешіктірілсе ғана барады.

Кредиттік оңалтуды қалай алуға болады?

Кредиттік оңалту дегеніміз – сіздің несие тарихыңыз түзелді дегенді білдіреді. Яғни, бұрын еш банк кредит бермесе, енді олар сізге несие беруге кет әрі емес болады. Ол кредиттік бюродағы сіздің досьеңізде көрсетіліп тұратын статус. Осы мәртебе автоматты түрде өзі беріледі. Оған қандай да бір құжаттар талап етілмейді. Рәсімді кредиттік бюро мерзімі өткен борышты өтегеннен кейін 12 ай өткен соң және осы кезеңде өзге де мерзімі өткен берешек болмаған кезде жүргізеді.

Егер сіз «қара тізімде» жүрсеңіз, бірақ қазір банк немесе басқа да қаржы ұйымдары алдында еш қарызыңыз болмаса, сізді мемлекет автоматты түрде оңалтуы ғажап емес. Оның жайын білу үшін еговтен кредиттік есеп сұратып, статусты тексеріп қоюға болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x