Зейнетақы жарнасын мерзімінен бұрын алуға арналған жаңа талап күшіне енді

Dalanews 25 мам. 2021 08:50 186




Бірінші мамырдан бастап ерікті зейнетақы жарналарын мерзімінен бұрын алатындар тізімі кеңейді. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады.

Ерікті зейнетақы жарнасы – салымшылардың өз бастамасымен зейнетақы қорындағы шотына аударатын ақшасы.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ерікті зейнетақы жарнасын мерзімінен бұрын алуға мына санаттағы адамдарға рұқсат етіледі:

  • елу жасқа толған;

  • мүгедектерге;

  • Қазақстан шегінен тысқары жерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (кету ниетiн немесе фактісін растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда);

  • БЖЗҚ-да және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомасы шегінде кемінде 5 жыл зейнетақы жинағы бар адамдар.


Соңғы санат тізімге биыл мамырда ғана енді. Енді зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын кемінде бес жыл аударған азаматтар шоттағы ақшасын мерзімінен бұрын алуға құқылы.

Мәселен, егер салымшы ЕЗЖ-ны 20 немесе 30 жастан бастап аударса, тиісінше 25 немесе 35 жасқа толғанда өзінің алғашқы төлемін алады.



Айта кетсек, 2021 жылдың 1 мамырынан ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін шоттар автоматты түрде ашылады. Жеке зейнетақы шоттарын ашуға БЖЗҚ-ға түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз болады. Яғни салымшыға кеңсеге барудың қажеті жоқ.

ЕЗЖ-ны жеке тұлға өзі үшін, жеке немесе заңды тұлғалар басқа біреу үшін аудара алады. Бұл ретте жарна мөлшері мен мерзімділігін салымшы өзі айқындайды.

Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейлі банктер немесе Қазпошта арқылы аударуға болады. Кейбір банктерде зейнетақы жарнасын онлайн (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары) аудару мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан бөлек, БЖЗҚ ақпаратынша, өз пайдасына ерікті зейнетақы жарнасын тұрақты аударып тұру үшін жұмыс берушінің атына өтініш жазуға да болады. Соның негізінде жұмыс беруші жарнаны өтініш иесінің не үшінші тұлғаның шотына тұрақты түрде аударып отырады.

Дереккөз: sputnik.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x