Жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнап, қызмет көрсету сапасы артқан

Dalanews 24 желт. 2020 05:16 440

Таяуда еліміздегі ең ірі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы жолаушы тасымалдау саласындағы жұмысының сапасын жетілдіру мақсатында журналистерді ревизиялық-бақылау тобына қатыстырып, жолға шығуға шақырды. Жолаушылар тасымалы саласындағы жағдайды бақылауға Dalanews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі де қатысып, халыққа қызмет көрсету сапасын бақылау мүмкіндігіне ие болды.

Иә, көпшілік қауым тарапынан теміржолдағы жолаушылар тасымалы саласына ара-тұра сын айтылып қалатыны жасырын емес. Ол қандай сын дейсіз ғой? Сол баяғы жол жүру билеттерінің делдалдардың қолына түсіп саудалануы, жолсеріктердің жолаушыларды заңсыз тасымалдауы сынды мәселелер.

Өткен жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жаңартылған қызметкерлер штатымен жедел мобильдік мониторингтік тобы құрылған болатын. Соның нәтижесінде, жыл бойына билетсіздер саны айтарлықтай төмендеді. Осылайша, жолаушыларды билетсіз алып жүрудің алдын алу және бақылау жөніндегі ішкі ревизорлық қызметінің жұмыс принциптері өзгерді. Олар «ҚТЖ» ҰК» АҚ аумақтық бөлімшелерінің штатында болып келген еді. Негізінен, бұл қызметкерлер жергілікті жерлерде жылдар бойы жұмыс істеген және де тексерілетін нысандармен, сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдармен байланыстар орнатқан. Қайта ұйымдастырудан кейін штат толық жаңартылып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ құрамынан шығарылды және де компанияның бас офисіне бағынышты етілді.  Нәтижесінде – ішкі бақылау күшейтіліп, бұзушылықтар фактілерінің қысқаруына алып келді.

Жалпы, ҚТЖ жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін электронды қызмет көрсетуді барынша дамытуға күш салуда. Бірақ бұдан теміржол саласындағы бармақ басты, көз қысты жайттар түбегейлі жойылып кетті деп айту қиын.

Міне, жақында сол атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылаған БАҚ өкілдерімен бірлескен арнайы тексеру рейдтері ұйымдастырылды. Шараны «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының  ревизор қызметінің бас менеджерлері жүргізді. Алғашқы күнгі рейд Алматы-Орал бағытындағы номері 51 пойыз составында жүзеге асырылды. Ревизор қызыметінің бас менеджерлері Берік Сандыбаев пен Асылхан Жанатұлы жолаушылардың купелерін рұқсат сұрап аштырып, жолаушы билеттерін, жолда жүру ережелерінің орындалу барысын тексерді. Тексеру біткен соң өз жұмыстарының  принциптерін БАҚ өкілдеріне таныстырып өтті.

– Тексеру кезінде алдымен жолаушылардың жол жүру билеттері мен жеке куәліктерін қараймыз. Келе жатқан жолаушы билеті мен құжатының сәйкестігін тексереміз. Сонан соң жеке жүктерінен бөлек тыйым салынған заттардың бар немесе жоқ екені де бақылауда ұстаймыз. Мысалы жүктердің салмақтары «Тальго» пойызында 25 киллограмнан аспауы керек. Ал, жәй пойыздарда 35 киллограмм жүкке дейін тасымалдауға болады. Мұндай шара барысында бір жұмыс күнінде 4 пойызға дейін тексеру жүргіземіз, – дейді ревизор қызыметінің бас менеджерлері Берік Сандыбаев.




Жолдағы бақылауды ұйымдастырушылар ешқандай пойыз басшылығына ескертпеген. Құдды бір арнайы операция дерсіз. Республикалық деңгейде хабар тарататын бірнеше ақпарат құралдарының журналистерінен құралған шағын топ «құпия» жағдайда Нұр-Сұлтаннан Оралға жол тартқан №51/52 «Тұлпар-Тальго» пойызына міндік.

Осы ретте еліміздегі басты тасымалдаушы ҚТЖ компаниясының журналистердің басын қосып, осындай ашықтыққа баруын журналистер қауымы жоғары бағалағанын айта кетуіміз керек. Еліміздегі кез келген компания ішкі жағдайларында кездесетін келеңсіздіктермен осылай күрессе, жағдайдың айтарлықтай түзелетіні анық.

Журналистер орналасқан №51/52 «Тұлпар-Тальго» пойызы су жаңа екен. Іші жылы. Бұрынғы вагондармен салыстырғанда тарлау. Ең бастысы, жүрісі жақсы екен. Ескі вагондардың құлақ тұндырар шиқылы мүлде жоқ. Жолсерік көрпе-жастығын жеткізіп берді. Бәрі таза екен. Елімізде құрастырылған вагонның іші жинақы. Газет, кітап оқығыңыз келсе қабырғадағы жеке шамыңызды жағып алып, ешкімге кедергі жасамай оқуға болады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа вокзалға жиналғанымызда ҚТЖ-ның инспекциялық жұмыстар бойынша менеджерлері Берік Сандыбаев пен Асылхан Өмірсерік жолаушылар пойызының жұмысын бақылайтын топ теміржол саласындағы жолаушы және жүк тасымалдау ережелерін басшылыққа ала отырып, жолаушы тасымалдаушы қызметкерлердің жұмысын бағалауы маңызды екенін айтқан-ды. Бұдан басқа, жол бойында кездесетін жемқорлық әрекеттерді де қалт жібермей қадағалау біздің топқа тапсырылды. Өз кезегінде ҚТЖ-ның жолаушылар тасымалы саласы бойынша инспекциялық жұмыстарының бас менеджері Асылахан Өмірсерік:

– «Жолаушылар тасымалы» АҚ жанынан құрылған жедел мониторингтеу тобы күн сайын пойыздарға тексеру жүргізеді. Айталық, күніне біздің бақылау қызметі еліміз бойынша 30-40 пойызды бақылаймыз. Қараша айында ревизорлар 371 пойызды тексеріп, билетсіз пойызға мінген 5 адамды және 1320 рәсімделмеген жүктерді анықтады, – деп теміржол саласындағы бақылау жұмыстары жайында қысқаша әңгімелеп берді.

Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбек етіп жүрген жігіттер қазіргі таңда пойызға билетсіз мінетін жолаушылардың саны күрт қысқарғанын алға тартты. Есесіне, белгіленген мөлшерден басы артық жүк алып жүретін жолушылар көбейген. Ереже бойынша жолаушылардың қол жүгі 35 келіден аспауы керек екен. Ал «Тұлпар-Тальго» пойыздарына мінетін жолаушылардың қол жүгі 25 келіден аспауы шарт. Егер жолаушылардың жүктері шамадан тыс көп болса, ақысын төлеп, жүк вагонына салуы керек. Өкінішке орай, бұл талапқа жолаушылар көне қоймайтыны белгілі.

Еліміздің Батыс нүктесі Орал қаласына бет алған №51/52 «Тұлпар-Тальго» пойызы елордамыздан ұзап шыққаннан кейін жолсерікке мақсатымызды айтып, пойыздағы жағдайды бақылауға кірістік. Жолсерік жолаушыларға біздің жолаушылар тасымалы саласындағы хал-ахуалды бақылау үшін жолға шыққан журналистер екенімізді айтқанда, жолаушылардың кейбірі бізбен тілдесуден қашқақтаса, енді бірі емен-жарқын әңгімесін айтып, сұрақтарымызға жауап берді. Бұл ретте жұбайымен үйлеріне қайтып бара жатқан Дәулет Ержанов ағамыз қазіргі жолаушылар тасымалы саласындағы жағдайға қатысты пікір білдірді.

– Міне, 30 жылдан бері жұмыс бабымен кең байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шеккенімде талай жайтқа куә болдым. Қазір зейнет жасындамын. Жеке жұмыстарымызбен Нұр-Сұлтанға барып келе жатқан жайымыз бар. Баяғыдағы пойыздармен қазіргі пойыздарды салыстыруға болмайды. Аралары жер мен көктей. Қазіргі вагондар жаңа, жайлы, жылы таза. Жолсеріктер де қыздай сызылып қызмет көрсетеді. Нұр-Сұлтаннан жұбаймыз екеуміз артынып-тартынып пойызға мінгенде, жолсерік бала жүгіріп келіп қолжүгімізді көтерісіп, орнымызға әкеліп берді. Мұндай елгезек балалардан айналып кетпейсің бе? – деп оралдық Дәулет ағамыз пойыздағы қазіргі жағдайға көңілі толатынын айтып берді.

Шұбатылған пойызды аралап, бірқатар жолаушылармен тілдескенімізде олардың жолсеріктерге қатысты ешқандай өкпе-реніші жоқ екенін білдік. Бәрі пойыз қызметкерлерінің қызметіне риза. Бақылау барысында пойызға билетсіз мініп алған жолаушыларды да кездестірмедік.

Бұдан кейін №51/52 «Тұлпар-Тальго» пойызының бастығы Галымжан Әлібековті әңгімеге тартып, пандемияның жолаушылар тасымалы саласына қалай әсер еткенін сұрадық.

– Менің жолаушылар тасымалы саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 27 жыл болды. Мұндайды бірінші рет көріп отырмын. Бұған дейін еліміздің Батысына сапар шеккен пойызда жолаушылар толып отыратын. Кейде жолаушылардың көптігінен қосымша вагон тіркеуге мәжбүр болатынбыз. Қазір пандемияға байланысты ары-бері сапарға шыққан халықтың саны аз. Тіпті адамның аздығынан вагонды ағытып тастаған кезіміз болды. Қазір біршама жақсы. Жолсеріктер жолаушылар тасымалы қайтадан жандана бастағанын айтып мәз болып жүр, – дейді пойыз бастығы. Бұдан кейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Алматы қаласы бойынша жолсерігі  Шархан Нұрасыл есімді жігіт әңгімеге араласып, көкейде жүрген ойын ортаға салды.

– Біздің жұмысымыз вагондарды қабылдап алудан басталады. Әрбір вагон таза, жолаушыларға қажетті төсек-орын мен өзге де қажетті құрылғылардың дайын болуына баса мән береміз. Жалпы, жолсеріктер вагондағы санитарлық тазалық ісіне айрықша мән береді. Пандемия кезінде сақтық шаралары одан сайын күшейе түсті. Пойызға мінгенде жолаушылардың әлеуметтік қашықтықты сақтауына, бетперде тағуына баса мән береміз. Егер жолаушы маска тағуды ұмытып кеткен болса, оған медициналық масканы өзіміз береміз. Сақтық шараларына байланысты бұрынғыдай жолаушыларды шығарып салушыларды ішке жібермейтін болдық. Жолаушыларымыз балалы әйел, қарт адам немесе мүмкіндігі шектеулі адам болса, олардың жүктерін өзіміз көтеріп, орындарына жайғастырамыз. Сонымен қатар жолаушылардың вагон-вагонды аралап, таныстарын іздеуіне де үзілді-кесілді тыйым салынған. Пойыздағы мейрамханада да санитарлық нормалар қатаң сақталуда. Санитарлық нормаларды бұзған жолаушыларға бірінші кезекте ауызша ескерту жасаймыз. Егер айтқанға көнбесе, пойыздағы қоғамдық тәртіпті бақылайтын транспорттық полиция қызметкерлеріне жүгінеміз. Мұның бәрі жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қолға алынған шара болғандықтан, көпшілік тарапынан тәртіпке бағынбаушылық болған жоқ. Жұрттың бәрі қазіргі жағдайды түсінеді, – деп жолсерік жағдайды баяндап берді. Осылайша, №51/52 «Тұлпар-Тальго» пойызындағы алғашқы бақылау жұмысы кезінде анау айтқандай тәртіп бұзушылықты байқамадық.

Біздің топ Оралға жеткеннен кейін №614 «Орал-Ақтөбе» пойызына ауысып міндік. Пойыз бастығы Алмас Мырзағұлов вагондардың бәріне жолаушылар орналасқанын алға тартты. Бұл пойызды тексеру барысында да бас жарып, көз шығаратындай өрескел кемшіліктерді байқай қоймадық. Жолсеріктерден өздерін «Сіздерге бастықтарын ревизор қызметінің бас менеджерлері журналистермен бірігіп, пойызды тексеретіні туралы ескертіп қоймады ма?» деген сұрағымызға да жауап берді.

– Жоқ, сіздердің жол бойын тексеріп жолға шыққандарыңызды бізге ешкім ескерткен жоқ. Иә, жолаушылар тасымалдау саласына қатысты түрлі әңгімелер айтылатыны жасырын емес. Бірақ оның бәрі өткеннің еншісінде қалған дүниелер. Қазір жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіптің сақталуына әрбір пойыздың бригадасы мүдделі. Ешқандай жолсерік пандемия кезінде ортақ ережеге қайшы әрекетке барып, жұмыстан шығып қалғанын қаламайды. Жолсеріктер кәсібіне адалдық танытып, өзіне тапысырылған жұмысты жоғары деңгейде орындаса, қосымша сыйақы алатынын біледі. Бүгінде пандемияға байланысты ҚТЖ жол жүру билетін халыққа айтарлықтай пайыздық жеңілдікпен ұсынып отыр. Мұндай жағдайда жолаушылар да пойызға билетсіз мініп, заң бұзбайтыны белгілі. Осы ретте «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Үздік бригада» байқауын ұйымдастырып, халыққа сапалы қызмет көрсеткен бригаданы марапаттау ісін қолға алып отыр. Үздік деп танылған бригада қызметкерлері қосымша сыйақыға ие болады. Сол себепті қазір барлық пойыз қызметкерлері байқауда топ жару үшін өз қызметін сапалы атқарып жатыр. «Үздік бригада» байқауы жұмысты сапалы атқаруға ынталандырып отырғанын айтқым келеді, – деп №614 «Орал-Ақтөбе» пойызының жолсерігі ағынан жарылып әңгімесін айтты.

Бір байқағанымыз, пандемия кезіндегі сақтық шаралары жолаушылар тасымалы саласының үлкен жауапкершілік жүктеп, жұмыс сапасын арттырғанына куә болдық. Вагондарды аралағанымызда «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлерін қажетті зарарсызданыру заттарымен қамтамасыз еткеніне көз жеткіздік. Дәретханалар тап-таза.


«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның барлық жолсеріктері жолаушылардан коронавирус анықталғанда алғашқы медициналық көмек көрсетіп, вагон ішін залалсыздандыру жұмыстары бойынша дайындықтан өткен екен. Осылайша, жол бойындағы жағдайды бақылағанымызда жолаушылар тасымалы саласында өрескел қателіктерді кездестірмедік. Пойыз қызметкерлері ережеге сәйкес халыққа қызмет көрсетіп жатқанына көзіміз жетіп қайтты.

Нұрлан ҚАЗЫҒҰЛОВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x