Қарағанды темір жол бөлімшесінің мерейтойы атап өтілді

Dalanews 05 желт. 2019 06:50 193

Қарағанды темір жол желісіне 80 жыл толып отыр. Осы оқиғаға орай «Қарағанды-Сортировочная» станциясының Теміржолшылар мәдениет сарайында бөлімше қызметкерлерінің, сала ардагерлерінің қатысуымен салтанатты шара болып өтті. Теміржолшыларды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.

– Теміржолшылар еңбегі ерекше мәртебе мен құрметке ие. Еліміз экономикасы күретамырларының бірі – теміржол көлігінің үздіксіз жұмысы сіздердің сенімділіктеріңіз бен жауапкершіліктеріңізге байланысты. Сала айтарлықтай қарқынмен дамуда, өндірісті жаңғырту мен қайта жарақтандыру жүргізілуде. Әлеуметтік проблемаларды шешуге, ардагерлер қамқорлық жасауға, жастармен жұмыс істеуге үлкен көңіл бөлініп келеді, – деді әкім.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Серік Әбденов Қарағанды бөлімшесі шикізатты экспорттауда жетекші позициялардың бірін, эксплатациялық жүкайналымын орындау бойынша бірінші орынды иемденетіндігін атап көрсетті.

ЖТ Қарағанды бөлімшесі бойынша барлығы 38,7 млн. тонна жүк тиелген немесе Компания бойынша жалпы тиелімнің 18%-ды құрайды. Жыл басынан бері 23 млн. тоннадан астам тас көмір тиелсе, бұл Компания бойынша жалпы көлемнің 28%-ын құрайды.

– Бұның барлығы да сіздердің тәулік бойғы, күнделікті еңбектеріңіздің арқасы. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, таңдап алған мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз, нәтижеге емес, ал ар-ожданға жұмыс істеуге ықтиярлықтарыңыз, ұрпақтар сабақтастығын сақтау мен жаңаны игеруге ұмтылыстарыңыз – бұл жетістіктің жиынтығы болып табылады, – деді жиналған көпшілікке қаратып С. Әбденов.

Шара барысында ЖТ Қарағанды бөлімшесінің озат қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды. «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен жарты ғасырын темір жолға арнаған Әбдіманап Бейсембаев наградталды. Ол Қаражал станциясының басшысы, Жомарт станциясында ревизор болып жұмыс істеді.

«Мен марапат үшін емес, менің ісім ары қарай да жалғассын және өркендесін деп жұмыс істедім», - деді қарт теміржолшы. Майқұдық станциясының жүктер мен қол багажын қабылдапөткізуші Наталья Земцова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ол темір жолға 17 жасында келіпті. Қазіргі таңда оның еңбек өтілі 40 жылдан астам.

«Мен ешқашан қызмет саласын ауыстырғым келген жоқ, менің еңбегім маған қуаныш пен шабыт сыйлайды», - деді ол.

Қарағанды бөлімшесінің тарихы Ақмоладан Қарағандыға дейін және Бурабай-Курорты станциясы арқылы теміржол желісін салудан басталады. Оны 1926 жылы сала бастады. 30-шы жылдары жалпы ұзындығы 490 км болатын Ақмола – Қарағанды және Қарағанды – Балқаш теміржол тармағы пайда болды.

Қазір өңірде үш негізгі локомотив депосы: Қарағандыда, Жаңаарқада және Балқашта; екі вагон, екі айналым локомотив депосы, екі электрменжабдықтау дистанциясы, төрт сұрыптау станциясы, 89 станциялар мен разъездер жұмыс істейді.

Қарағанды бөлімшесінде 12 мың теміржолшы еңбек етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x