Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары таныстырылды

Dalanews 23 қар. 2017 05:56 321

Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарын көпшілікке паш еткен жиын Қарағандыда өтті.

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға еліміздегі ірі-ірі деген ұлттық компания өкілдері, отандық кәсіпкерлермен қатар, шетелдік инвесторлар да қатысты.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстанда 11 экономикалық аймақ бар. Соның ішінде Қарағандыдағы арнайы экономикалық аймақ металлургия және машина құрылысына мамандандырылған.

Қазіргі кезде «Сарыарқа» индустриалды аймағында отқа төзімді бұйымдар, шарлы крандар мен ескі көліктердің қалдықтарынан құрыштар өндіріледі. Болашақта бұл аймақта тағы 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Форумда сөз сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмаз Айдаровтың айтуынша , өңірде инвесторларға барыншы тиімді жағдай жасалған.

«Индустриялдық алаң шикізат алынатын орындарға жақын орналасқандығымен қоса, арзан электр қуатын алуға да мүмкіндік бар. Қазір біздің әр инвесторға 50 мегаватт көлемінде электр қуатын беруге қауқарымыз жетеді», – деді осы ретте Алмаз Айдаров.

Ал осы форумға сонау Жапон жерінен келген кәсіпкер Мики Вадзима соңғы жылдары Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда инвестициясын 9 есеге арттырғанын тілге тиек етті.

«Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен, ірі инвестициялық жобаларды ұлғайту бағытында әлі де жұмыс жасау керек. Экология мен су технологияларын дамыту жолдарын қарастыратын инвестициялық жобаларды ұсынып отырмыз», – дейді ол.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x