Оңтүстікте «Ontustik Tourism. Invest 2017» форум өтуде

Dalanews 17 қар. 2017 05:17 224

Оңтүстік Қазақстан облыс орталығы Шымкент қаласында «Ontustik Tourism. Invest 2017» атты халықаралық туристік, инвестициялық форум өтуде.  Басқосу «Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы бойынша саяхат» фестивалі шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Мұны ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт мәлім еткен болатын.

Оңтүстік өңіріне қош келдіңіздер деген облыс әкімі Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінгі таңда мықты экономикалық әлеуеті бар, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін атап өтті.

– Аймақ Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан. Нәтижесінде – шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс өркендеп, облысымыздың туристік тартымдылығы көбейіп, тамашалауға келуші туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Сондай-ақ, өңіріміздің жағымды инвестициялық имиджі қалыптастырылып, ұлғаюда. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандар саны облыста 31 пайызға өсіп, 195-ті құрады. Оларда көрсетілген қызметтер көлемі 43 пайызға көбейіп, 1,7 млрд.теңгеге жетті. Осының нәтижесінде биыл Оңтүстік Қазақстан облысына 128 мың турист келсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артқанын көрсетеді, – деді Ж.Түймебаев.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған фестиваль Алматы қаласында бастау алып, Жамбыл облысында жалғасын тауып отыр. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында аяқталатын болады. Форумның негізгі мақсаты – өңірдегі туристік саланың дамуындағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасу, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау.

Форумға ҚХР Туризм бойынша вице-министрі, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, Туризм индустриясы комитетінің төрайымы, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының төрағасы, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сонымент қатар, алыс және жақын шет мемлекеттердің туризм саласының кәсіби мамандары, туристік ұйымдар, инвестициялық компания өкілдері, жалпы 500-ге жуық адам қатысуда.

Форум аясында Оңтүстік Қазақстан облысындағы туризм саласы өкілдері мен Қытай, Өзбекстан және Қазақстанның басқа қалалары арасында  4 меморандумға қол қойылды.

Онда екі жақты әріптестікті нығайту мақсатында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы қытайдың «Salem China» компаниясымен және «Sky Way» туристіккомпаниясымен меморандум түзілді. Бұдан өзге, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы мен Хатай провинциясы арасында меморандумға қол қойылса,  «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы мен Өзбекстанның туристік өнімін насихаттау орталығы арасында екі жақты меморандум түзілді.

Жалпы алғанда бұл меморандумдар тараптарға өз аймақтарының туризм өнімдерін бірге дамытып, инфрақұрылымын салуға, инвестиция жұмылдыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, мұндай деңгейдегі іс-шара Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Форум өңірдің туризм саласын дамытуға және тәжірибе алмасуға, өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге және шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған.

Айта кететіні, форумға қытай елінің туристік ұйымдары аса қызығушылық танытқанын байқадық. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысына биылғы жылдың 6 айдың қорытындысы бойынша 128 мың турист келген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 55 пайызға артық. Форум өңірдің туристік және инвестициялық имиджін қалыптастыруға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Өз кезегінде облыс әкім Оңтүстікке келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленіп, аталған маршрутқа 84 тарихи-мәдени объектілер мен табиғи орындар енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша 8 ескерткіш яғни, Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері Оңтүстік өңірінде орналасқанын айтты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шарада туризм саласындағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру жолдары талқылануда. Сала мамандарының басы қосылған жиында сонымен бірге Ұлы Жібек жолында туризм индустриясын дамытудың өзекті мәселелері мен Жібек жолы бойындағы туристік өнімдерді дамыту, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және инвесторларды тарту жайы қаралмақ. Сондай-ақ, қатысушылар әлеуетті серіктестермен В2В форматында кездесулерге қатысып, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылармен сұхбаттасатын болады. Келуші қонақтар сонымен бірге Қазақстанның Жібек жолына арналған фотокөрме, «Silk Road Fair» туристік жәрмеңкесін тамашалады.

«Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік және инвестициялық форум аясында қытайлық делегация Түркістан қаласына барды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ әуелі ұлттық өнерді тамашалады. Шетелдік қонақтар халықтық кәсіп пен қолөнер бұйымдарын көріп, қазақ ұлттық әндеріне тамсанды. Көне шаһар тарихымен танысты. Өңір басшысы Түркістан қаласының биылғы 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанғанын айтты.

– Түркістан – қасиетті әрі көне қалаларымыздың бірі. Ер түріктің алтын бесігі болған Түркістан бұрын қандай маңызға ие болса, бүгінгі таңда да сондай. Іргетасы 15-ғасырда қаланған кесене халықаралық ЮНЕСКО ұйымының тізіміне енген. Мұнда жыл сайын мыңдаған туристер келеді. Алдағы уақытта біршама жұмыстар атқарып, межені арттыратын боламыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Одан соң делегация тобы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ат басын бұрды. Ондағы көне жәдігерлер мен қазақ халқының тарихи тұлғаларымен танысты. Арнайы топты бастап келген ҚХР-ның Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ду Цзян Оңтүстік Қазақстан облысында туризмді дамыту үшін әріптестік танытатынын жеткізді.

– Кез-келген аймақтың ең әуелі шырайын ашатын адамы, бұл тұрғыда мен Оңтүстік Қазақстан халқының қонақжайлығына, жылы шырайлы адамдарына тәнті болдым. Бұл – туризмді дамыту үшін аса қажетті фактор. Біз келісім орнату үшін еліміздегі әрбір аймақтан туристік ассоциацияларды, агенттіктерді алып келдік. Болашақта екі ел арасындағы жаңа авиабағыттарды ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Ду Цзян.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x