Оңтүстікте инвесторлар екі күн электр стансасын салады

Dalanews 13 қар. 2017 13:15 203

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өңірдегі ірі жобаларға инвестиция салуға ниет білдірген шетелдік Германия мен Голандия елдерінен келген инвесторлармен кездесті.

Кездесуде шетелдік кәсіпкерлердің жобасымен танысқан облыс басшысы аймақтың экономикалық әлеуетін баяндап, инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді атап өтті.

– Үш миллионға жуық халқы бар өңір үшін бұл жоба өте қажет және өте тиімді. Себебі, біз электр энергиясының 65 пайызын сырттан тасымалдап отырмыз. Өңір тұрғындарының қажеттілігі жаз айларында 350-370 МВт болса, қыс мезгілінде 450-480 МВт электр энергиясын тұтынамыз. Сондықтан да біз қажеттілікті өзімізде өндіру үшін осы сынды жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Бұған өңірдің табиғаты күн сәулесінен электр жарығын өндіруге өте қолайлы, – деді әкім.

Мақтаарал ауданында екі күн электр стансасы мен асфальт-бетон зауытын салуды қолға алып жатқанын айтқан шетелдік кәсіпкерлер жергілікті билік тиісті құжаттарды рәсімдеуде қолайлы жағдай жасағанын жеткізді.

Салынатын күн электр стансасы жобасына германиялық NwComp Solar GmbH компаниясы 7 млн еуро инвестиция құйып отырғанын айтқан «Компания KADI» ЖШС-нің бас директоры  Мұрат Даврешов компания Қазақстанда бірқатар жобаларды жүзеге асырғанын мәлім етті.

Жетісай қаласының қоқыс полигоны аумағында салынатын электр стансасының қуаттылығы 4,8 МВт. Бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары  осы жылдың  қараша айында басталады деп жоспарлануда.

Екінші жобаның инвесторы голландиялық VTK Investments B.V компаниясы болып табылады. Ауданнан 100 МВт күн электр стансасын салу бойынша екі жақты меморандумға қол қойылған болса, бүгінде 300 га жер бөлу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны 150 млн еуро.

Бүгінгі таңда инвестор Тайлан Караманли осы сынды жобаны Ақмола облысында жүзеге асыруда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x