Back
| DalaNews

Сиви Махмуди Ренат Баситовтың қымбат көлігін неге қиратты?

Танымал эстрадалық әнші әрі актриса Сиви Махмудидің аса қымбат Mercedes-Bens S-class көлігін гольф таяғымен ұрып, терезелерін сындырған видеосы WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тарап кетті деп жазады sn.kz.

Зардап шеккен көліктің иесі де қарапайым қатардағы азамат емес, елге танымал тұлға, анығын айтсақ, ол – «Азия» тобының әншісі Ренат Баситов.

Видеороликте Сивидің «Ол кадрларды неге аласың? Мен саған айттым ғой үш балам бар деп…» деген сөздері анық естіледі. Әншінің ашуына соншалықты тиген қандай кадрлар екенін білу мақсатында Ренат Баситовтың өзіне хабарластық. Сөйтсек, екеуара ұрыс «Соқыр махаббат» деген фильмнің төңірегінде тұтанған екен. Қос әнші аталған картинаның басты ролін сомдағанын айта кету керек.

«Фильмде Сивидің қатысуымен өткен интимді кадрлар бар болатын. Сол кадрларды фильмге неге саласыңдар деп көлігіме зақым келтіргені рас. Бірақ, ішкі істер органдарына шағым жазғаным жоқ, еркек басыммен мұным ұят болады деп шештім. Оның үстіне, су жаңа көлікті осыдан үш күн бұрын Сивидің күйеуі сыйлаған»

– дейді Р.Баситов.

Айта кетейік, «Соқыр махаббат» фильмінің премьерасы отандық кинотеатрларда 6 сәуір күні басталады.