Ерғалиева ауылдан келіп, Алматы маңына қоныстанғандарды «нақұрыс-идиот» деп атады

Dalanews 28 жел. 2023 13:26 1452

Таяуда Алматының орыс тілді тұрғыны Гульжан Ергалиева өзінің әлемжелідегі парақшасында «Мұндай нақұрыстарды не істеуге болады?» айналасына сұрау тастап, пост жазыпты. Бұл жолы Гүлекең «нақұрыс-идиот» деп өзі жылдар бойы күресіп жүрген ескі билікті емес, екі қолға бір жұмыс таппай Алматының іргесін паналап, күнелтіп жүрген ауыл қазағына сын садағын бағыттапты.

Бұдан кейін біздің де талағымыз тарс айырылды. Өйткені біз де Гүлекең айтқан «нақұрыс-идиоттардың» біріміз. Қалаға сіңіскенімізге бар болғаны 5-10 жылдың жүзі болған шығар.

Сондықтан талай қазақ апамыздың сөзін өз ауласына лақтырылған тас ретінде қабылдағаны анық.

Сонда Ерғалиқызын не мазалайды дейсіз ғой? Оның ойынша Алматының айналасы ауыр және қорқынышты конгломератқа толып кетіпті.


Апамыз мұндай "жат элементтер" еліміздің абыройын асқақтатқан чемпиондарды танымаса, пышақтап өлтіре салудан тайынбайды-мыс. Бұл жерде алжасқан Ергалиева мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімін меңзеп тұрғанын түсіндік.

Бірақ Денис Тен Алматының шетінде емес, қаланың қақ ортасында пышақталмады ма? Бұған Алматының айналасындағы елді-мекен тұрғындарының не қатысы бар? Түсініксіз?..

Айтпақшы, апамыз өз жазбасында ауыл қазағын маргинал қылмыскерге теңейді, оларды көргенде "ақымақтардың армиясын" көргендей болады екен. Қарапайым ауыл қазағы Гүлекең өшігетіндей не істеп қойды? Сол жағын ұқпадық. Бірақ мұны жайдан-жай қалдыруға болмайды.


Бұдан кейін апаймыз ауыл қазағын ары қарай тағы айыптай түседі.

– Бұл ақымақтар автобус жүргізушісіне шабуыл жасап, соның кесірінен аялдамада тұрған қарапайым адамдар қаза тапты. Қаланың шетінде осындай бейадамдардың көп қоныстанған – олар егеуқұйрықтар сияқты өмір сүреді. 50 шаршы метр бөлмеде 30 адам болып тұра береді (құдды солардың үйіне күнде барып, шай ішіп жүрген адамдай гәпіріпті). Мұндай адамдар қалада күмәнді жұмыс істеп, топтасып ұрлық жасап, Алматыда субмәдениет қалыптастыруда, – деп лағып кетіпті.

Апамыздың осы сөзінен оның Рысқұлов көшесінен төмен қарай аттап баспағанына ондаған жыл болғанын байқағандай болдық.

Баяғыда жарнамалық газеттердің жылжымайтын мүлік сататын бөлімінде «ниже Рысқұлова не предлагать» деген ескертулер жүруші еді. Соны билік әрең қойдырып еді. Енді Гульжан Ергалива сол әңгімені қайта бықсытып, ауыл қазағының ар-намысын аяққа таптап отыр.

Сөз соңында алжасқан апамыз «Құқық қорғау органдары мен жергілікті билік орындары мұны зерттеп, шара қолдануы қажет. Қаланың ортасындағы қоғамдық орындарға тұмсығын тықпасын, Алматының шетіндегі өздерінің "гаремдерінен" аяғын аттап баспасын!» – деп Алматыдағы қазақтарды екіге бөліпті.

Иә, күні кеше ғана автобуста орын алған жағдай бәрімізді шошытты. Бірақ осы қайғылы оқиғаны алға тартып, тұтас ауыл қазағына тілдейтін «Гульжан Ергалиева кто вы такая?». Бұл ел ішіндегі араздықты қоздыру емес пе? Ергалиеваның жауапқа тартылуын талап етеміз!


Апамыз аузына келгенін айтып, пост жазғаннан кейін Алматы жастары да ролик түсіріп оған жауап қатты. Мұны бізде қолдаймыз!

Нұрлан ЖҰМАХАН 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар