Прокуратура ұрланған қаражаттың фильм түсіруге бөлінгенін атап өтіп, алайда қай фильм туралы айтып жатқанын нақтыламаған.
DALA INSIDE телеграм арнасына белгілі болғандай әңгіме «Ұлы дала таңы» фильміне қатысты өрбуде.
«Құны 4 миллиард теңгеден асатын (8,6 млн доллар) ауқымды жобаны аяқтадым», – деп жазған еді бұған дейін режиссер Ақан Сатаев. Ол дәл сол тұста киностудия басшысы болатын.
Kinopoisk порталында 2022 жылы шыққан «Ұлы дала таңы» фильмінің продюсері Әлия Назарбаева деп көрсетілген.
«Сатаев пен Назарбаева» тандемі «Ұлы дала таңынан» бөлек бірнеше жобаларды бірігіп атқарғаны белгілі.
Дәлірегінде, Ақан Сатаев 2020 жылы «Қазақфильмнің» президенті болып тағайындалып, содан бергі уақытта Әлия Назарбаевамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей бастады.
Әлия Нұрсұлтанқызы 2019 жылы Сатаев түсірген «Томирис» тарихи фильмінің бас продюсері және сценарий авторының бірі деп көрсетілген. DALA INSIDE-тың мәліметінше Әлия Назарбаеваға «Томирис» фильмінің сценарийі үшін 149 миллион теңге төленген.
«Қазақфильммен» жасалған келісімге сәйкес, ол (Назарбаева, ред.) автор ретінде телеарнадағы прокаттан түскен пайданың 60%-ын, ел кинотеатрларында прокаттан түскен табыстың 70%-ын және республикадан тыс кинотеатрларда көрсетілген прокаттың 40%-ын алуға құқылы болған.
«Томиристі» түсіру үшін мемлекет 3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсағанын біреу білсе, біреу білмес.
Назарбаева продюсерлік еткен «Томирис» фильмін сол тұстағы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Сатайфильм» компаниясымен бірлестікте «Қазақфильм» киностудиясы түсірді.
Сатаев пен Назарбаеваның «Анаға апарар жол» кинодрамасы мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Айта кету керек, жақында Антикор «Көшпенділер» фильміндегі бекініс сатып алу транзакциясының құнына қатысты деректің шетін шығарған. Оны бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты компания сатып алған болып шықты. Яғни, 2017 жылы жалған бекініс салынғаннан 44 есе арзан бағаға сатылған.
Антикор бұл қылмыстық іске экс-министрдің қатысы бар-жоғын тексеріп жатқанда, «Қазақфильмнің» бұрынғы басшысына қатысты тергеу амалдары да басталды.
Белгілі режиссер фильмдеріне Назарбаевтың кіші қызын бас продюсерлікке тарту арқылы Әлияны берік «қамал» ретінде пайдаланды ма? Бәлкім, екеуі әу бастан сыбайлас шығар, кім білсін?