"Россотрудничество" – Қазақстандағы орыс мектептерімен мақтанады

Dalanews 12 жел. 2023 05:00 1494

Ресейдің жұмсақ күші болып саналатын "Россотрудничество" биылғы жылдың есебін дайындай бастады. Есептің Қазақстанға қатысты тарауы ауқымды болып шықты. Онда "Россотрудничество" Қазақстанның оңтүстігінде ашылатын үш орыс мектебін өзінің жетістігіне балған, – деп хабарлайды Dala Inside арнасы.

"Россотрудничество" статистикасы орыс мектептерінің саны бойынша Қазақстанның Орталық Азияның барлық мемлекеттері арасында көш бастап тұрғанын көрсетеді.

2023 жылы Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мектептер саны 3606 болса, көрші Өзбекстанда 1 мыңнан астам, Қырғызстанда 751, Тәжікстанда 200, Түркіменстанда 71 мектеп болған.

Қазақстанда биыл 339 880 оқушы бірінші сыныпқа барды. Оның 70,7 пайызы қазақ тілін, қалғаны орыс тілін таңдаған.

Қаймана қазақтың ордасы – Оңтүстік Қазақстанда үш орыс мектебін ашу арқылы Ресей осы аймақтың мүлде орыс тілінен айрылып қалу қаупімен күреспек. Осы үш мектепке "Россотрудничество" қаржыны аямайтын болады.

Одан бөлек, қазақ халқының орыс тіліне деген қызығушылығын арттыру үшін келесі жылы "Россотрудничество" орысша айтыс ұйымдастыруды қолға алмақ.


Яғни, домбырасын күйлеткен қазақ ақындары мүшайрада орысша айтысуы тиіс. Оған демеушілік ету "Роснефть" басшысы, атынан ат үркетін суперолигарх Игорь Сечинге табысталады.

Алғашқы Гран-приге 1 миллион доллар, ал екінші, үшінші орынға коттедждер, 4-5 орындарға Лексус автокөліктері, 6-10 орындарға 20 миллион теңгеден қою ойда бар. Мұндай жүлделер қойылса, Балғынбек бастаған ақындар орыс тілін Пушкиннен артық меңгеріп алары сөзсіз. Орысша айтыс тікелей эфирден көрсетіледі деп жоспарлануда.

"Я руски знаю қарачо,

Мне нужен Лексус, да ты че" деген шедеврлерді тыңдайтын күн де алыс емес сияқты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар