СК-Фармация мемлекеттің 10 млрд теңгесін тас қылды – қоғам белсендісі

Dalanews 06 қаз. 2023 10:16 425

Пандемия кезінде әйгілі «СК-Фармация» компаниясы халықты қажетті дәрі-дәрмек пен санитарлық құралдармен қамти алмай тығырыққа тірегені әлі есімізде. Сол кезде қарапайым «Аспириннің» өзі қат дүниеге айналғанын қалай ұмытуға болады? «Самұрық-Қазына» қорына қарайтын «СК-Фармация» компаниясының басшысын журналситер сынағаннан кейін ол орнынан кетіп, жауапты қызметке Ерхат Есқалиев тағайындалған еді.  

Пандемия өршіп тұрған 2020 жылы Ерхат Есқалиев «СК-Фармация» компаниясының тізгінін ұстағанда біраз адам оған үміт қарады. Бірақ халықтың үміті ақталмаған сыңайлы...

Өкінішке орай, еліміздің фармецевтика саласында дау-шар мен мемлекет қаражатын шашу ісі тыйылмай тұр.

Таяуда «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов өзінің Фейсбуктағы парақшасында «СК-Фармация» компаниясы мемлекет қаражатын оңды-солды шашу ісіне қатысты тың деректерін жариялағаннан кейін Ерхат Есқалиев пандемия кезіндегі жайсыз оқиғалардан сабақ алмағанын түсіндік.

2017 жылдан бастап «СК-Фармация» ЖШС Францияның әйгілі Sanofi компаниясынан гепатит, сіреспе, көкжөтелге қарсы – «Гекаксим» деп аталатын әмбебап вакцинаны сатып алып келген.

– Аталған екпелерді Medix және Prince Pharma Ltd деп аталатын екі компания әрбір дозасын 14 333 теңгеден тұрақты түрде сатып алып, бірнеше жыл бойы  елге жеткізіп отырған. Әр жылы орта есеппен екпенің 600 мыңнан астам дозасы сатып алынатынымызды ескерсек, мемлекет бұл үшін қыруар қаржы жұмсағанын байқаймыз, – дейді «Әділдік жолы» ұйымының атқарушы директоры Дидар Смағұлов.


Ал 2019 жылы елге екпе жеткізу ісіне ойламаған жерден «Казбеледфарм» деген компания араласып, олар дәл сондай екпеннің 624 077 дозасын 5,3 млрд теңгеге сатып алып, елге жеткізеді.

Олардың жұмсаған қаржысын вакцинаның әр дозасына шағып жібергенде «Казбеледфарм» компаниясы екпенің әр дозасын 8 431 теңгеге сатып алған байқауға болады. Ал бұған дейін жоғарыда атап өткен екі компания (Medix және Prince Pharma Ltd) екпенің әр дозасын 14 333 теңгеден сатып алып, мемлекет қазынасын біраз шығынға батырғаны белгілі болып қалады.

Осылайша «Әділдік жолы» ұйымы вакцина бағасының әр жылдары мың құбылғанын байқап қалып, бұл істің соңына түскен.

– Осыдан кейін біздің көкейімізде «Казбеледфарм» компаниясы сатып алған шетелдік екпенің бағасы неге соншалықты төмен деген сұрақ туындады. Аталған компаниясының шығынға жұмыс істемейтіні белгілі. Тіпті, олар вакцинаны мемлекетке 8 083 теңгеден сатып, 217 миллион теңге табыс тапқанын білгенімізде күмән-күдік ұлғая түсті, – дейді қоғам белсендісі.

«СК-Фармация» компаниясы 2019 жылдан кейін екпені төмен бағаға сатып алмай, әр вакцинаны 14 183 теңгеге (бұрынғыдан 150 теңгеге арзан) сатып алу ісін жалғастырған. Ал қымбат екпені сол баяғы «Медикс» компаниясымен тағы «Князь Фарма Лтд» деген мекеме жеткізіп отырыпты.

Қоғам белсендісі 2020, 2021, 2022 жылдары 2 миллион екпені әділ бағамен – әрбір дозасын 8 431 теңгеден сатып алғанда, мемлекеттің 10 млрд теңгеден астам қаржысын үнемдеуге болатынын алға тартып, дабыл қағуда.


– Бұл қаржыға елімізге аса қажет әмбебап вакцинаның тағы да 1 248 335 дозасын сатып алуға болар еді. Бірақ әлдекімдер бағаны қолдан өсіріп, қаржыны қалтаға басып отыруі әбден мүмкін. Олардың бұл әрекеті ұзаққа бармай әшкере болатына сенімдімін, – дейді еліміздегі жемқорлықпен ымырасыз күресіп жүрген қоғам белсендісі Дидар Смағұлов.

Ия, айтса айтқандай алдағы уақытта Есқалиев басқарған «СК-Фармация» компаниясының соңына Антикор қызметкерлері қолдарына шам алып түссе таңқалмаймыз.

Өйткені таяуда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі өздерінің Телегарм арнасы медицина саласына қажетті жабдықтардың сатып алу, ауруханалар мен емханалар салу және жөндеу ісі, сондай-ақ емдеу мекемелері қызметкерлерінің еңбекақы қоры және «СК-Фармация» ЖШС қызметіне қатысты талдау жасағандарын жария еткен болатын. Осы талдауларда талай былық су бетіне қалқып шыққан болуы мүмкін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x