Cоңғы жаңалықтар
Back

Шарасыз күйге түскен Путин кімдерге қоңырау шалып, көмек сұрады?

Украинадағы соғысқа дейін Путин отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын ертегінің кейіпкері секілді тұлға еді. Ал соғыс оның анау айтқандай кез келген дүниеден қаймықпайтын қасқа емес екенін қолмен ұстағандай көрсетіп берді.

Нақтырақ айтсақ, пандемия мен соғыс Путиннің жанын ардақтаған, бункерден басқа жаққа қырық қадам ұзап шығуға жүрегі дауаламайтын күйкі, жұмыр басты пенде екенін паш етті.

Ал соңғы Приғожиннің бүлігі Путиннің қорқақ, өзінің бас амандығы үшін қандай қорлыққа болса да төзетінін көрсеткені анық.

Бұған күні кеше ғана Украинаның “Укрлайф” арнасына сұхбат берген белегілі экономист, сарапшы Андрей Илларионов әңгімесінен кейін ойымызда ешқандай күмән-күдік қалмады. Илларионов ұзақ жыл Путиннің экономика саласы бойынша кеңесшісі болған адам. Сондықтан оның сөзіне шүбәсіз сенуге болады.

Путиннің экс-кеңесшісі Приғожиннің бүлігі кезінде бірнеше елдің басшыларынан көмек сұрап, пұшайман күйге түскенін ашып айтты.

– Приғожин өзінің әскери бүлігін бастаған кезде ұзын саны 8 мыңға жуықтайтын баскесерлерімен дубинкамен қаруланған мыңдаған «Росгвардия» мен полицияның жасағын Мәскеуде қуып жүріп сабайтына сенімді болды.

Егер бүлікшілер Мәскеуге жеткенде Путиннің билігін сақтап қалуы екіталай еді. Мұны дер кезінде түсінген Кремльдің қожайыны өзіне қол ұшын береді деген үмітпен Қазақстан, Өзбекстан, Белорусь және Түркия басшыларына телефон шалып, бүлікті басып-жаншитын десант жібеуді өтінген, – дейді Андрей Илларионов.

Ия Андрей Илларионовтың айтқан сөзінің жаны бар. Бүліктен кейін Александр Лукащенко жұрт алдына шығып, өзіне Путин телефон шалып, Приғожиннің трубканы көтермей жатқанын айтып, бұл іске арағайын болуын өтінгенін жырдай қылып айтқаны есімізде.

Ал қалған елдің басшылары Путинді қорғап қалу үшін әскери жасақ жібермегенін білеміз. Ал Тоқаев, Ердоған, Мирзеевтің Путинге нендей жауап бергені әзірше құпия күйінде қалуда.

Қаңтар оқиғасы кезінде ОДКБ-ның әскері (Ресейдің емес) елімізге келіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысты. Содан кейін Кремль пропагандистері арқылы «орыс әскері болмағанда Қазақстанда қан төгіс болар еді, бізге рахмет айтуы керек» деген наративті таратқан еді. Осындай әңгіме тарағаннан кейін Президент Тоқаев орыс пропагандистеріне Қазақстан Ресей алдында ешқандай борыштар емес екенін ашып айтып, ауыздарын құм құйғаны есімізде.

Егер алдағы уақытта әлгіндей наративті орыстың пропагандистері тағы да айта бастаса, Путиннің шарасыз күйге түсіп, көршілес елдерден қалай көмек сұрағаны жайындағы ақпарат су бетіне қалқып шығуы мүмкін.

Ал мұны Путин жақсы біледі. Сондықтан Приғожиннің бүлігі кезінде Путиннің бойын қаншалықты қорқыныш билегені жайындағы ақпаратты Кремль барынша құпия күйде ұстауға тырысатыны анық.

Тағы оқыңыз:

«Айыппұл салмаймыз». Смайыловтың шығынға батқан шаруаларға көрсеткен қолдауы