Back

Jusan Bank-тың активтері Қазақстанға қайтты

Бұл туралы Әділет министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“2021 жылы жоспарланған іс-қимылдардың нәтижесінде Jusan Bank және телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардың бірқатар басқа да ірі активтерін қамтитын Jusan тобы шетелдік юрисдикцияға шығарылғаны белгілі. Қазақстан үкіметі іс жүзінде топқа бақылауды жоғалтты. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылдаған шаралардың нәтижесінде Jusan тобын қазақстандық юрисдикцияға қайтару мүмкіндігі туды”, – делінген хабарламада.

Министрлік қажетті құжаттарға қол қойылғанын мәлімдеді.

“Топ Қазақстан заңнамасына сәйкес, Үкіметтің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақылауымен жұмыс істейтін болады. Jusan Bank қазақстандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Банк бұрын алған мемлекеттік көмек мерзімінен бұрын қайтарылады. Мемлекет басшысының шығарылған активтерді қайтару туралы тапсырмаларын іске асыру жалғасады”, – деп мәлім етті ведомство.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза  Жаңа Қазақстанның осындай игі істер құрылатынын атап өтті.

“Осындай мемлекетшіл, халықшыл, қоғамшыл әрекеттер – тұтас Қазақстанның социумын біріктіреді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бас Прокуратураға тапсырма берді – міне тапсырма орындалды. Әрине алдыда тағы қыруар жұмыс жатыр. Іздестіру, табу, анықтау, дәлелдеу.

Жалпы Халықтың несібесін жеген адамдарда береке болмайды, Халықтың маңдай тері мен көз жасы – жібермес.

Сондықтан ертелі кеш, біздің Үкімет сыртқа заңсыз шығарылған қаражатты қайтарады”, – деп пікір білдірді мәжілісмен.

Осыған дейін АҚШ-та тіркелген “Jysan Holding” компаниясы Қазақстан Республикасының үстінен Невада штатының округтық сотына арыз түсірді.Бұл туралы DALA INSIDE телеграм арнасы егжей-тегжейлі жазған болатын. Арна мәліметіне қарағанда “Jysan Holding” “New Generation Foundation” қорына қарайды. Бұл қор өткенде бұған дейін “NU (Nazarbayev University) Generation” деп аталған. Назарбаевтың атын Жусанға қатысты барлық жерден алып тастау операциясы аясында қордың аты өзгерген.

Құрылым басшылығы Қазақстан билігін компанияның құны 1,5 млрд долларға бағаланған қазақстандық активтеріне бақылауды өз қолына алу мақсатында қорқытып – үркіту науқанын жүргізді деп айыптаған.

Алайда ел билігі талап арыз туралы ешқандай құжат алмағанын мәлім еткен еді.

Jysan-ға қатысты жаңа мәліметтерді осы арадан оқыңыз: https://t.me/dalainside/1158

Тағы оқыңыз:

Жолды жөндеп, туризмді дамытамыз – Бейбіт Исабаев

Ердоған Хафиза ханымға үміт артады