"Мәсімовтың ізімен". Лоббистердің мақсаты – "Дикий Арманды" ұлт жанашыры етіп көрсету

Dalanews 31 мам. 2023 05:55 450

«Мұрттыдан» кейін үкім күтіп отырған қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман) жұрт алдында жағымды имидж қалыптастыруға қарекет етуде. Мақсат: манипуляция жасау, сол арқылы соттың жұмсақ үкім шығаруына ықпал ету, – деп хабарлайды DalaInside

DalaInside-қа жеткен мәлімет бойынша «Дикий Арман» Кәрім Мәсімовтен үлгі алып, америкалық лоббистердің көмегіне жүгінген.

Метт Лауер мен Грейс Фенстермейкердің есім-сойы сіз бен бізге бейтаныс болғанмен, лобби әлемінде бұлардың атынан ат үркеді.

«Метт мен Грейс» тандемі жетекшілік ететін Qorvis PR компаниясы алдағы айдан бастап Арекеңнің жағымды образын қалыптастыруға қауырт кіріседі.


Арманның адвокаты Евгений Яворский бұлармен бірігіп жұмыс істеуге уағдаласып, 15 мамырда қажетті құжаттарға қол қойған.

Вашингтондық лоббистердің негізгі миссиясын ілгеріде айттық.  Қоғаммен байланыстың қыр-сырын жете меңгерген бұлар: «Арман ұлт жанашыры. Қаңтар кезінде халықты сабырға шақыруға тырысты…» деген тезисті қоғамның құлағына сіңіреді, сот алды консультациялар береді, жаза мерзімін жеңілдетудің жолын іздестіреді.

«Дикий Арманға» тағылған айыпты айтып жатпай-ақ қоялық. Тоқаевты төңкеруге тырысқаны былтырғы жылдан бері баспасөз бетінен түспей келеді.

Лоббистер – Метт Лауер мен Грейс Фенстермейкердің гонорарын Жұмагелдиев отбасы өз қалтасынан төлейді. Бұл екеуі де осыған дейін санкцияға ұшыраған ресейлік Внешэкономбанкке ақыл-кеңес берген. Былайша айтқанда, Қазақстанның саяси кеңістігі аталған жұпқа таңсық емес.


DalaInside мына сұраққа жауап беруге дағдарып отыр: Ескі Қазақстан өкілдерінің АҚШ-тан араша сұрауында не сыр бар? Осыған дейін 18 жылға кесілген ҰҚК-ның экс-төрағасы Кәрім Мәсімов те вашингтондық лоббистердің аяғына жығылған еді.

«Мұртты» америкалық атышулы лоббист Девид Меркелді аттай қалап алдырған. Меркель бұдан бөлек karimmassimov.com сайтының админі болған еді.

 

➡️  Айтпақшы, Қытай орыстың газынан бас тартыпты. Ал Мишустиннің Қытайға жасаған сапары фиаскоға ұшыраған. Толықырақ сілтемеде: https://t.me/dalainside/1333

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x