Жас Қанат жеребесі тартылды

Dalanews 30 мам. 2023 04:44 249

Алматыдағы Республика сарайында 1-3 маусым аралығында өтетін 29-шы Республикалық «Жас қанат» жас орындаушылар байқауының жеребе тарту рәсімі өтті.


Бүгін «Жас қанат. Балалар» қатысушыларының сахнаға шығу тәртібі мен негізгі конкурсанттардың бірінші байқау күні сахнаға шығу тәртібі анықталды. Екінші жарыс күнінің жеребе тарту рәсімі бірінші күннен кейін өтеді. Ал үшінші финалдық жарыс күнінде байқау қазылар алқасы тек 7 үздік финалистерді бағалайды.

Бүгінгі жеребеде көз жасы да, қуаныш та қатар жүрді. Мұндай салмақты шараны ашу үлкен мәртебе және жауапкершілік. Қатысушыларды жиналғандар жылы қолдап отырды.

«Біз қаламызда байқаудың қайта жанданып, жаңа таланттардың жарқырағанын қалаймыз», - деді құттықтау сөзінде, бас продюсер Арманжан Байтасов. «Осы байқаудың және қайта жанданған «Азия дауысы» фестивалінің арқасында Алматымыз бұдан да жақсырақ танылмақ».


Жеребе тартушыларға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тілегін қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев жеткізді. Ол байқаудың туған жеріне оралғанына қала әкімдігі қуанышты екенін атап өтті.

«Қатысушыларға кәсіби қазылар алқасының қатаң іріктеуінен өту оңай болмағанын білеміз. Алматыға қош келдіңіздер және баршаларыңызға сәттілік тілейміз. Бұл шілденің соңында өтетін «Азия дауысы» сияқты қала үшін зәкірлік жобаға назар аудартуы керек», - деді, Ғани Майлыбаев.


Айтпақшы, «Жас қанат» байқау күндерінің бірі туған қаласы Алматыға арналмақ. Ал қазылар алқасының төрағасы Медеу Арынбаев конкурсанттарға «Қазылар алқасын өз талантымен қуантып қана қоймай, көрермендердің жүрегін жаулау маңызды» деген жылы тілегін білдірді.



Жеребе соңында «Жас қанат-2019» байқауының жеңімпазы Дидар Әбдіхалық өз әндерімен тәнті етті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x