Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы: заң жобасы Мәжіліске жетті

Dalanews 24 мам. 2023 07:55 291

Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы мәселесі жөніндегі заң жобасын қарауға кірісті.

Аталған заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асатын Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасы бойынша әзірленіп жатыр.

Бұл – Президент жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар бағдарламасының негізгі бастамаларының бірі.

Аталған бастама туралы Президент былтырғы жылдың 1 қыркүйек күні жариялаған Жолдауында айтқан болатын.

«Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланғаны үшін нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын.



Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсай алады.



Бұл қаражат өскелең ұрпаққа кәмелеттік жасқа шын жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», — деген болатын Мемлекет басшысы.


Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жас қазақстандықтардың кәмелет жасына толған кезінде өзінің баспана жағдайын жақсартуына немесе білім алуына мүмкіндік береді.

Осылайша, Президенттің әлеуметтік маңызды бастамасы заң тұрғысынан рәсімделіп, Ұлттық қордың қаржысы халықтың мүддесі үшін жұмыс істей бастайды.

Бұған дейін Экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қордан балалардың шотына ақша аудару әдістемесі дайын, өз кезегінде Қаржы министрлігі оның ережелерін әзірлеп жатқанын хабарлаған.

«Есепте тұрған 18 жасқа дейінгі балаларға жылдық қорытынды бойынша тиісті инвесткірістің 50 пайызы түседі. Осы 50 пайыз әр балаға үлестіріледі. Жалпы 6,5 млн бала 18 -ге толғанша осы жүйеде болады. Тек бір жылдың кірісін ғана қарамаймыз. Біз 18 жылдағы орташа кірісті аламыз. Себебі, 18 жылдың ішіндегі әр кезеңде кіріс оң болуы керек», — деген еді ол.


Алайда бала 18-ге толған соң азаматтығын ауыстырса, ол бұл ақшаны ала алмайды.

«Бұл ақша басқа балаларға, жалпы Ұлттық қордың ішінде үлестіріледі. Ұлттық қордағы шотынан ақшаны шешіп алғанда оған салық салынбайды», — деді Әлібек Қуантыров.

Қуантыров мұның алдында «бала 18 жасқа толғанша шотындағы ақша құнсызданып кетпей ме?» деген сауалға жауап берген.

«Қаражат құнсызданбайды, себебі ол доллармен аударылады.  Ұлттық қордағы қаражат 100% доллармен сақталады. Өйткені, қордың бүкіл активтері шетелде, яғни шетелге инвестицияланған. Ол да бізге ыңғайлы. Сол үшін солай шоттарға жберілетін болады», – деп түсіндірген еді министр.

Бұл ретте Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай да Facebook-те арнайы жазба қалдыр­ған.

«Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлт­тық қор – балаларға» атты жаңа бағ­дарлама іске қосылады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді.

Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», делінген оның жазбасында.

 

https://dalanews.kz/saraptama/85988-ulttyq-qor-balalarga-bagdarlamasy

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x