«Жас қанат -2023» байқауының форматы өзгерді

Dalanews 19 мам. 2023 09:46 353

Бұрын «Жас қанат» үш күн бойы «минус 1» фонограммасымен өтетін. Енді олай емес.

Биыл жас таланттар әр сайыс күні әртүрлі музыкалық сүйемелдеумен өнер көрсетеді деген шешім қабылданды. Байқаудың бірінші күні олар өз әндерін Александр Беляков жетекшілік ететін эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқайды. Екінші күні «минус 1» фонограммасымен өнер көрсетеді. Ал үшінші күні оларды гитарист, аранжировкашы, композитор, музыкалық продюсер және дирижер Илья Башкатов басқаратын, құрамында 6 инструменталшы, 4 үрмелі аспапшы және 3 бэк-вокалист бар бэнд сүйемелдейтін болады.



Байқауда алғаш рет Гран-при тағайындалды. Бұған дейін «Жас Қанатта» небәрі 3 жүлделі орын болған. Енді «Азия дауысы» фестивалі мен «Жас қанат» байқауының негізін салушылар - Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев атындағы Гран-при пайда болды.

Сондай-ақ, «Жас Қанат 2023» аясында «ЖАС ҚАНАТ – БАЛАЛАР» бірінші республикалық балалар шығармашылығы байқауы өтеді. Жас дарындар екі номинация – вокал және сурет байқауы бойынша бақ сынамақ. Жарыс 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орайластырылып, сол күні басталады. Ұйымдастырушылардың жоспарынша, мектеп оқушылары соңғы қоңыраудан кейін Республика сарайына келіп, осы байқауды тамашалай алады. Оны ересектер мен жас қатысушылар «Жас қанат» әнұранымен ашады.


Балалардың сурет байқауы туралы айтайық. Іріктеу кезеңінде, «Азия дауысы» деген сөз тіркесі нені елестетеді, сол туралы сурет салу тапсырмасы берілген еді. Балалардың жұмыстары біз күткеннен де асып түсті. Ондағы іріктеудің қалай өтіп жатқанын @azia.dauysy instagram парақшасынан көре аласыздар. Ең қызықты жұмыстар «Жас қанат - 2023» байқауы өтетін Алматыдағы Республика сарайының фойесіндегі көрмеге қойылады.



Айтпақшы, байқау күндері фойеде үш көрме өтеді: аты аңызға айналған халықаралық «Азия дауысы» фестивалі фотомұрағатының көрмесі, балалар сурет көрмесі және «Азия дауысы – 2023» сахналық эскиздерінің көрмесі. Сахналық эскиздерді салу Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттеріне тапсырылған болатын. Үздік эскиз авторы 100 000 теңге жүлде алады. Шоу тек сахнада ғана емес, оның сыртында да өтуі үшін Республика сарайының фойесінде тик-токерлерге арналған киіз үй орнатылмақ.

«Жас қанат-2023» байқауы аясында біз өмірден өтіп кеткен, осы байқауға қатысы бар азаматтарды еске алатын боламыз. Бұл өте әсерлі сәт болады. Қалай өтетіні әзірге құпия.


Қазір біз тек «ЖАС ҚАНАТ. БАЛАЛАР - 2023» байқауына қатысатын жас таланттардың тізімін жариялай аламыз:

1. САМИНА МЫРЗАЛИЕВА, АСТАНА, 9 ЖАС

2. АСЫЛ МҰРАТ, АСТАНА, 12 ЖАС

3. ӘЛИХАН НҰРЛЫБЕК, АСТАНА, 13 ЖАС

4. ДАСТАН ТҰРДАЛЫ, АЛМАТЫ, 11 ЖАС

5. РОКСАНА СЫЧЕВА, АЛМАТЫ, 10 ЖАС

6. ӘМИНА ӘБДІЛБЕКОВА, АЛМАТЫ, 13 ЖАС

7. ӘДІЛЕТ РЫСБАЙ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ, 11 ЖАС

8. АҚНИЕТ ЖАНКЕЛДІ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ, 11 ЖАС

9. ЫРЫСГҮЛ ҚАЙРАТБЕК, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ, 12 ЖАС

10. СЕЗІМ САПАРБЕК, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ, 12 ЖАС

11. КӘУСАР БОЛАТ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ, 12 ЖАС

12. ӘМИНА АСҒАТОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ, 12 ЖАС

13. ТҰМАРХАНЫМ ИКЛАСБЕК, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ, 11 ЖАС

14. АЙЗАТ ШАНИЯР, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ, 12 ЖАС

15. ДІЛНАЗ ЕЖИРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ, 12 ЖАС

16. АДЕЛ КЕРЕЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ, 9 ЖАС

17. НҰРШАТ ҚҰСАНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ, 13 ЖАС

18. ЕҢЛІК БАЙЗАХ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, 13 ЖАС

19. ЗЕРЕ ЖҮНІСБАЙ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, 11 ЖАС

20. ИНАБАТ ТОЙТЕБАЙ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ, 12 ЖАС

21. БАЛЫМ НЫСАНАЛЫ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ, 11 ЖАС

22. ШАХИСЛАМ ӘБДІҒАЗИЗ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ, 9 ЖАС

 

Dalanews.kz, Қала мен Дала, DALA INSIDE - «Жас қанат - 2023» байқауының ресми ақпараттық серіктесі! Бізден жаңалық күтіңіздер!

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x