Hardcore: Алматыда Мұратбек Қасымбай бастаған файтерлер сынға түседі

Dalanews 19 мам. 2023 06:53 306

Бүгін «Алматы Аренада» аралас жекпе-жек жанкүйерлеріне арналған ерекше турнир өтеді.  Қуат Хамит, Мұратбек Қасымбай бастаған файтерлер және ТМД елдерінің өзге де  ММА жұлдыздары Hardcore Fighting Championship додасында бақ сынайды. Тұтас стадионды толтыратын турнир елімізде алғаш рет өткелі отыр. Күні кеше Алматының Арбатында спортшылар салмақ өлшеу рәсімін өткізіп, бір-бірімен көз арбасты.

Айта кетелік, ауқымды спорттық шараға Olimpbet букмекерлік компаниясы қолдау көрсетті. Олардың қолдауынсыз мұндай турнирдің өтуі екіталай еді.

Күннің жаңбырлы болғанына қарамастан сүйікті спортшыларын қолдауға келген жанкүйерлер қарасында шек болған жоқ. Аралас екпе-жекті жаны сүйетін көрермендер күн райының қолайсыздығын елеместен, басты сахнаға көтерілген балуандарды қолпаштаумен болды. Өз елінің батырларынан бөлек, шеттен келген спортшыларды да жергілікті халық жылы қарсы алды. Өз кезегінде ТМД-ның әр мемлекетінен келген жауынгерлер де жанкүйерлерге алғыс айтып, ертеңгі жекпе-жектерді тамашалауға шақырды.

«Алматы бізді керемет қарсы алуда. Қазақ халқының қонақжайлылығына қайранбыз. Баршаңызды көргенім үшін қуаныштымын. Ертеңгі кездесулерді бірге тамашалайық», - деді ММА блогер Артем Тарасов.


Ертеңгі кешті жанкүйерлер асыға күтіп отыр. Себебі октагонға халықтың сүйіктісіне айналған Қуат «Найман» Хамит пен «Қазақ терминаторы» Мұратбек Қасымбай шығады. Сондай-ақ Азизхан Чоршанбиев, Максим Соколов, Зелимхан Юсупов сынды ММА-дің шын шеберлері өз атақтарын қорғау үшін барын салады.



Көз арбасу рәсімінде спортшылар нағыз шоу көрсетті. Әсіресе көпшілікке өзінің ерекше стилімен танылған Қуат Хамитов жанкүйерлер алдында сенімді мәлімдеме жасады.

«Алматы, сәлем! Баршаңызды ертең күтемін. Нағыз айқас болады. Менің болжамым бойынша, екінші раундта жекпе-жек мерзімінен бұрын бітеді. Алға, Қазақстан!», деді Қуат «Найман».

Ал оның қарсыласы Зелимхан Юсупов сөз сөйлегенде өзін ұстауға тырысқанымен, көз арбасу рәсімінде қызуқандылыққа салынып, Қуаттың аяғына жармаса кетті.

«Мен ертеңгі жекпе-жектің оңай болмайтынын білемін. Бірақ жақсы дайындалдым. Бар өнерімді көрсетемін. Ешқандай болжам жасамаймын», - деген Зелимхан көз арбасу рәсімінде жауынгерлерге тән қылықпен қарсыласына қыр көрсетіп үлгерді.



Алматыдағы Хардкор кешінің ең басты жекпе-жегі – қазақстандық Мұратбек Қасымбай мен ресейлік Аловсет Мамиевтің кездесуі болмақ.

Жеңіл салмақта өтетін жекпе-жек жанкүйерлердің де, мамандардың да асқан қызығушылығын тудырып отыр. Сарапшылар қолмен жұдырықтасудың хас шебері Мұратбектің жеңісіне бәс тігуде. Десе де, нағыз чемпион жекпе-жек барысында анықталады.

Салмақ өлшеу рәсімінде сөз алған Аловсет Мамиев қазақ жанкүйерлерін ертеңгі кеште әбден өкпелетінін айтты.

«Қайырлы күн, Қазақстан! Сый-құрметтеріңізге рахмет! Бірақ ертең сіздерді өкпелетемін. Өйткені, жеңіс үшін сақадай сай келдім», - деді ол.

Осы кезде Арбатқа жиналған жанкүйерлер де наразылық танытқан болатын. Сол сәтте Мұратбек нағыз жігіттік танытып, көрермендері сабырға шақырды. Оның қонақты сыйлау туралы айтқан жергілікті жанкүйерлердің ашуын басты.



«Достар, баршаңызға рахмет! Елімізде тұңғыш рет өткізілетін Hadrcore турнирде бақ сынау, жанкүйерлердің алдында жұдырықтасу мен үшін үлкен бақыт. Қолдап келгендеріңізге рахмет! Бірақ қарсыласымды да сыйлаңыздар. Қанша жерден қарсылас болса да, оған құрмет көрсетулеріңізді сұраймын», - деді «Қазақ терминаторы».

Салмақ өлшеу рәсімінде Қуат Хамитов пен Зелимхан Юсупов қана бір-бірін сілкіп алды. Қалған жауынгерлер бар күшін ертеңгі жекпе-жектерге сақтап отырғанын айтып, көз арбасу рәсімінен соң тыныш тарқасты.

Бүгін «Алматы Аренада» Қазақстан тұңғыш рет өтетін Hadrcore кешінде төмендегі жауынгерлер өзара мықтыны анықтайды:

  • Азамат Бақытов – Максим Соколов

  • Бағдат Дүйсембаев – Игорь Барабанов

  • Азизхан Чоршанбиев – Жұман Жұмабеков

  • Қуат Хамитов – Зелимхан Юсупов

  • Мұратбек Қасымбай – Аловсет Мамиев


Айта кетелік, тұтас аренаны толтыратын Hadrcore турнирі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.


Бүгін, 19 мамырда «Алматы Аренада» өтетін нағыз жауынгерлердің сайысынан қалыс қалмаңыздар! Билет құны – от 3 600 теңге. Билеттерді zakazbiletov.kz сайтында онлайн сатып алуға болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x