"Ұлтшылдар басынан сөз асырмайды...". Белгілі сарапшы атышулы депутатты ақтап сөйледі

Dalanews 02 мам. 2023 06:33 224

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша депутат Башинскаяның мәлімдемесіне бола байбалам салып жатқандар баламалы пікірді қабылдай алмайды. 

"Башинскаяның жазбасына бола дау көтеріп, шу шығарған ұлтшылдарға қарап, олардың басынан сөз асырмайтынын байқауға болады.

Истерикаға ұрынып, депутатты жүндей түткен бұл топ таным-түйсігімен үйлеспейтін тосын пікірді қабылдай алмайды екен. Әдетте, мұндайлардың басым көпшілігі жоғары жаққа домалақ арыз жөнелтуге бейім келеді. Олар арыз-шағымның арқасында күнелтеді", - дейді Данияр Әшімбаев.



Айта кетелік, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийге Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауды ұсынған болатын.

«Түркия тартымдырақ, Зеленский мырза! Ол жерде жыл бойы жылы», - деп жазған еді Башинская Facebook-тегі Deutsche Welle  парақшасында.

Мақалада Зеленскийдің Қырымды Украинаға қайтаруды көздейтін қарымта шабуылды жоспарлап отырғаны айтылған. Президент Yle арнасына берген сұхбатында Украинаның майдандағы жетістігі Батыстың қару-жарақ тасымалына байланысты екенін атап өткен. Зеленский соған қарамастан соғыс ұзақ мерзімге, тіпті ондаған жылдарға созылуы мүмкін екенін ескерткен.

Сұхбатты тыңдап шыққан Башинская Украин президентін кекетіп, мұқатып өткен. Желідегі жұрт Қазақстан азаматы бола тұра, оның басқа елдің президентін кемсіткеніне, одан бұрын басқыншыларға қолдау білдіргеніне кейіс білдірген.


Басы бәлеге қалған Башинская іле-шала елден кешірім сұрап: "Жаздым, жаңылдым! Аңдамай сөйлеппін...", – деген сарындағы жазба қалдырған. Алайда желідегі жұрт оның сөзінің шынайылығына сенбейді.

Депутаттың бауырлас Түркияға тіл тигізуі түрік елшілігі тарапынан елеусіз қалмасы анық.

Dalainside телеграм арнасы таратқан мәлімет бойынша партия басшылығы Башинскаяның оғаш қылығынан хабардар. Алдағы күндері оған қатысты шара қабылданады.

Желі белсендісі Мейрам Қанапияның айтуынша Башинская Алматының дизайнымен айналысатын "ЛЭУ" атты фирманың құрылтайшысы.



Былтыр Башинскаяға тиесілі компания 15 млрд теңгеден астам табыс тапқан. "Қазақтың ақшасы кімнің қалтасында кетіп жатқанын қараңыздар!", - дейді осы орайда желі белсендісі.

https://dalanews.kz/bas-takyryp/88815-qazaqstan-resey-basqynshylygy-zhayly-a

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x