Олигополиямен күрес – Тоқаевтың жеке шаруасы емес. Тоғжанов Жақияновтан неге үлгі алмайды?!

Dalanews 22 ақп. 2023 02:57 267

Президент Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің ен байлығын бауырына басқан олигархтарды жинап, қатаң талап қойғаны бәріміздің есімізде. Сол сияқты Смайлов Үкіметі жылу орталығын тоздырып, қақаған қыста халықты жылусыз қалдырған Клебанов сынды олигархтарға қарсы айбат шегіп, нақты талап қоюы керек.

Енді Үкіметтің олигархтың алдында бүгежіктейтіндей жөні жоқ. Егер вице-премьер Роман Скляр Клебановтың алдында бір ауыз сөз айта алмай мәймөңкелейтін болса, вице-премерь болып несі бар?

Өкінішке орай, дәл қазір біздің Үкіметті қолымен көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алған шенділер көбейіп кетті.

Егер Смайлов Үкіметі Жаңа Қазақстанды құруға шынымен ықыласы болса, олигархатрмен терезесі тең жағдайда сөйлесуге дағдылануы керек. Өйтпейінше жағдай өзгермейді. Алдағы 4-5 жылда олигаполиямен күресу тек Президент Тоқаевтың маңдайына жазылған дүние емес екенін министрлер мен әкімдер түсінуі керек.


Өткенде әлеуметтік желіде Ақтөбе қаласныда кезекті саябақтың ашылуына облыс әкімі Ералы Тоғжанов олигарх Александр Машкевичті құдасындай құшақтаған, ал әкімдік қызметкерлері байшыкешке құрақ ұшып жүргенін бүкіл қазақ елі көрді.

Машкевич осыншама құрмет көрсететіндей Үкімет басшысы ма, әлде Президент пе?

Ертеректе Машкевич бес қаруын асынған оққағарларымен Павлодар облысы әкімдігінің есгін теуіп кіретін болған ғой.

Кейіннен Павлодар облысына Ғалымжан Жақиянов әкім болып тағайындалған соң, Машкевич ескі әдетіне басып, ескітен ентелей кіргенде Жақияновтың нұсқауымен есік алдындағы күзетшілер олигархтың жолын кес-кестеп, оққағарларын есіктің көзінде қалдырып, ары қарай аттап бастырмаған.


Осылайша, Жақиянов «ылдидан келіп, төр менікі» деген Машкевичтің аптыған басқан.

Сол сияқты қазіргі облыс әкімдері мен министрлер де олигрхатардың қолбаласы болмай, олармен терезесі тең жағдай сөйлесуді әдетке айналдыруы керек.

Күні кеше ғана вице-премерь болған дардай шенді Тоғжановтың Машкевті құдасын күткендей сән-салтанатпен қарсы алуы талай азаматтардың намысына тигені анық.

Олигархтардың шылауында кеткен шенділерді көріп, бұлармен Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес екенін бірден түсінесің.

Мәжіліс сайлауы өткеннен кейін жаңа Үкімет жасақталатыны анық. Сол кезде Үкіметке олигархтардың сойылын соғатын, құдасындай құшақтасып жүретін ақ жағалыларды мүлде жолатпау керек.


Олардың орнына олигархтарды тайраңдатпайтын, олармен тең дәрежеден сөйлесетін азаматтарды билікке әкелу керек. Әйтпесе өзгеріс болмайды. Өзгерістің басы олигархтарға талап қойып, оны орындатудан басталды.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x