"Апаттың қайталануына Скляр кінәлі". Кандидат вице-премьердің айбын бетіне басты

Dalanews 22 ақп. 2023 02:08 221

ҚР Параламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде тіркелген кәсіпкер Айбек Барысов еліміздің энерго жүйесіндегі қайталанып жатқан апатты жағдайлар үшін Роман Скляр айыптап, ойын ортаға салыпты.

«Сайлау қарсаңында Барысов саяси ұпай жинау үшін Склярды сынға алып жатыр» деп бұл іске бей-жай қарай салуға болар еді. Бірақ олай емес екені белгілі. Барысов іскер азамат қана емес, еліміздің энергожүйесін бір кісідей білетін білікті маман.

Оның өмір жолына назар аударған адам елімізде беренді көліктер шығарып, өрт саласының алдын алатын жүйені ойлап тапқан айтар ойы бар азамат екенін байқар еді. Сондықтан Барысов Склярға сын садағын бекер бағыттап отырған жоқ. Депутаттықтан үміткер Барысов былай дейді:

–  Бүгін біз Екібастұз қаласында апатты жағдайдың қайталанғанына куә болып отырмыз. Бұдан түйіткілді мәселені жүйелі шешудің қажет екенін байқауға болады. Меніңше, апатты жағдайдың қайталануына вице-премьер Роман Скляр кінәлі, – деп Барысов ойын ірікпей жайып салыпты.


Скляр вице-премьер болып тағайындалғалы бері елімізде апатты жағдай бірінен соң бірі қайталанды.

Айталық, Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс, одан кейін Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы төтенше оқиға бәрі-бәрі есімізде.

Өткен жылы Петропавол қаласындағы жылу орталығындағы апатты жағдай, одан кейін Екібастұз бен Риддердегі жылу орталықтарында орын алған жайт.

Қайта Риддердегі ахуал іскер әкім Даниал Ахметовтың жедел әрекет еткенінің арқасында ушыққан жоқ. Ахметов облыс аумағындағы іргелі өндіріс орындарындағы ресурстарды апатты жоюға жұмылдырып, Риддерді үлкен қауіп-қатерден сақтап қалды.

Жарылыс болып, ескірген жылу қазандықтарында төтенше жағдай орын алса, сол жерге Склярдың барып, қара көрсетіп қайтатынын білеміз.

Өкінішке орай, әзірше жылу орталықтарын жекешелендіріп, қалыпты жұмыс істеуі үшін тиісті қаржат бөлмеген олигархтарды тезге салып жұмыс істеуге Склярдың шамасы жетпеуде.

Скляр өзі бүгінде төтенше оқиғадан көз ашпай отырған Павлодар облысының тумасы. Екібастұз қаласының әкімдігінде жауапты қызметтер атқарғанында білеміз. Тіпті, 2010-2011 жылдары Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып, қызмет атқарған-ды.

Склярдың жұмыс тәжірибесі мен өмір жолын үңілген адам оның коммуналдық шаруашылық, бизнес, көлік-логистика саласында мол тәжірибе жинаған маман екенін байқар еді.


Сондықтан оның еліміздің энергожүйесіндегі мәселелердің түйінін тарқатуда қабілет-қарымы жететіне ешкім күдік келтірмейді.  Бірақ жұмысында нәтиже жоқ. Неге?

Назарбаев дәуірінде жергілікті жердегі табысты мекемелерді отбасына жақын адамдар жекешелендіріп алып, әлі күнге дейін сүлікше сорып келеді. Айталық, алысқа бармай-ақ, Склярдың туған жері Павлодар облысындағы коммуналдық шаруашылық мекемелерін олигарх Олег Клебанов бауырына басып алғанын жұрт жақсы біледі.

Демек, еліміздің энергожүйесінде туындап жатқан мәселелердің бәрі айналып келіп, осы Клебанов сынды апай төс олигархтарға барып тірелетінін мойындауымыз керек.

Бірінші кезекте бұл мәселені біз емес, вице-премьер Скляр көтеруі керек. Ал елдің қамын ойлайды деген Склярыңыз олигарх Клебановтың айбын бетіне басып, әңгіме айта алмауда.


Демек, депутаттыққа кандидат Айбек Барысовтың еліміздің энергожүйесінде қайталанған апатты жағдайлар үшін Склярды айыптауы өте орынды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x