Моншадағы әңгіме. Кеңес заманын еске салатын естеліктер жау шақыратынын ұмытпайық!

Dalanews 01 ақп. 2023 05:23 272

Түнеукүні моншаға бардық. Алматының «Тастақ» шағынауданында Кеңес заманынан келе жатқан монша бар (алматылықтар біледі). Сол моншаға барсаңыз ішіндегі аура сол кезеңді еске салады. Күңгірт. Кеңес заманындағы ескі жиһаздарға қарап, уақыт тоқтап қалғандай күй кешесің. Бірақ пары жақсы... Сол үшін ескі моншаға ара-тұра бас сұғып тұрамыз.

Әдетте бұл моншаға орысша сөйлейтін Алматының «байырғы» тұрғындары көп келеді. Біз сияқты ауылдан келген «кірме қазақтар» дуылдап сөйлегенде олардың жаратпайтыны байқалып тұрады.

Бертінде, Тәуелсіздік жылдары салынған моншаларда қазақ тілді қауым буы бұрқырап, әңгімесін айтып, дуылдап отырады ғой (Алматыдағы моншалардың көбі қазақтардың қолына өтті емес пе?). Ал Тастақтағы моншаның аурасы басқа...

Жақында сол моншаға бардық. Тауықтың ұясындай пар бөлмесіне бас сұққанымда іште екі орыстың жас баласы мен Алматының «байырғы» тұрғыны отыр екен.

Жасы жетпіске жеткен көкеміз екі орыстың баласына 1981 жылы бензин таситын машинаны айдап жүргенде жоспарды өтірік орындап, екі-үш тонна бензинді Сайранға келіп төгіп-төгіп тастайтынын жырдай қылып орыс тілінде айтып жатты.


Бұрышта отырған ауыл қазағы (мен ғой) түсінбей қалмасын деп әлгі ағамыз кедір-бұдыр қазақшасымен «Вот солай, біздер сондай кең заманда өмір сүрдік» деп ауыр күрсінді.

Кеңес заманының не екенін білмейтін екі орыстың баласы «Бір бензавоз бензинді неге төктіңіз» деп шалдың әрекетін ақылға сыйдыра алмай сұрақ қойғанда, шал да үш-төрт тонна бензинді неге төккенін дұрыстап түсіндіре алмады. Бар айтқаны «ол кезде бәрі тегін болатын...» деп міңгірледі.

Орыстың екі баласы «мына шал ақылынан алжасқан ба?» деп шалдың бетіне бажырая қарады да, жөндеріне кетті.

Несін айтасыз, нарықтық қоғамның жүрісіне ілесе алмаған мұндай шал-шауқандар ескі заманның естелігімен өмір сүретіні белгілі ғой. Бірақ осы кісілердің ескі заманды еске салатын естеліктері жау шақыратынын да ұмытпауымыз керек.


Дәл осындай сәтте Тәуелсіздікті қастерлейтін, ұлттық бірегейлігімізді дәріптейтін дүние керек екенін қатты сезінесің.

Тәуелсіздік жылдары қарынның қамымен өлшем жасайтын осындай орыстілді қазақтарға азат ел болудың қаншалықты маңызды дүние екенін түсіндіріп, олар әңгімелеп айтатын құндылық қалыптастырып алмағанымызға қарның ашады.

Ал Путин осындай-осындай жандардың барын алға тартып, империялық саясат өрістетуге күш салады. Осындай адамдарды арқаланып, Симоньян мен Соловьев еліміздің тұтастығын мансұқтап, әңгіме айтады.

Біздер осындай әңгімелерге тосқауыл қою үшін өз ішіміздегі ескі күннің естілегімен өмір сүретін адамдарға Тәуелсіздіктің мәні мен мазмұнын түсіндіруіміз керек секлді.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x