«Кеңес кезіндегі алаңсыз өмірге қайта ораламыз ба?». Елдегі орыстардың ойы қандай?

Dalanews 31 қаң. 2023 04:54 174

«Ақжолдық» Әбілдаев Путиннің басқыншылық саясатын қолдағаны қазақ қоғамын кәдімгідей есеңгіреткені жасырын емес. О баста Әбілдаев саяси ұстанымын айқындай алмаған көп шендінің бір шығар деп ойлаған едік. Бірақ артынша оның Ресейдегі пропогандистерге сұхбат беріп, өз ойынан қайтпайтынын мәлімдегеннен кейін экс-депутаттың саяси ойынға шындап кіріскеніне көзіміз жетті.

Десек те, біздің елімізде саяси ұстанымы анықталмаған біраз адам бар. Оны жасырудың жөні жоқ. Елімізде жүрген орыстарды айтпаған күннің өзінде қара орыстардың өздері Кеңес заманының «игіліктерін» айтып, сол заманды аңсағанын көргенде кәдімгідей жүйкелеп қаласың.

2010 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағын құрғаны есіңізде шығар? Сол жылдары жазда Балқаш көлінің жағасына барып, демалған едік.

Ол кезде жұрттың бәрі Түркия, Мысыр, Еуропа елдеріне барып демалатын-ды. Сондықтан шығар көл жағасында қазіргідей көп адам болған жоқ.

Біздің журналист екенімізді білген соң, екі орыс жанымызға келіп әңгімеге тартты.

Өздері таңғы 9-дан жұмысқа барып, кешкі 18:00-де үйіне келіп, сенбі, жексенбі күні жүз грамын ішіп, тыныш жүретін Кеңес заманындағы «жұмысшы шаруа» орыстар екенін бет-әлпеті айтқандай болды.

Оларға бажайлап қарағанымда тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі беттеріне терең әжім салғанын да байқадым. Содан олар өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

– Сіз журналист екенсіз, саясаттан хабарыңыз бар ғой. Кедендік одақ құрылып жатқанын естідік. Бұл – Кеңес одағының құрылуының басы ма? Енді баяғы алаңсыз өмірімізге... қайта ораламыз ба, – деп сұрақты төтесінен қойды.


Содан әлгі екі орысқа Кедендік одақтың құрылуы Кеңестер Одағының қайта құрылуы емес екенін, мұның жай ғана экономикалық одақ екенін айтып түсіндірдім. Бұдан кейін екі орыстың салы суға кетіп, орындарынан сүйретіліп тұрып, жөндеріне кеткені есімде.

Рас, сол кезде біреу «Кеңес Одағы қайта құрылуы мүмкін» десе, оның бетіне күле қараушы едік. Қазір ондайлардың бетіне күле қарап, әңгімесін жүре тыңдамаймыз.

Әсіресе Путиннің империялық саясаты асқынып, Украинаға басып кіргеннен бері бұл мәселеге ой тоқтатып, қауіптеніп қарайтын болдық емес пе?

Елімізде Кеңес Одағын аңсайтындар аз емес. Баршылық. Ең сорақысы, мұндайлар қазақтың арасында да жиі кездеседі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x