Кәсіпкерлерден дұрыс депутат шықпайды – журналист

Dalanews 28 қаң. 2023 07:13 151

Белгілі журналист Есболат Айдабосын сайлауға кандидат ретінде кәсіпкерлерді жаппай ұсынуға қарасы екенін айтты. Оның ойынша, депуатат болған кәсіпкерлер саясаттың ығымен жүріп, уақытын текке кетіреді.

– Соңғы жылдары ісі ілгерілеген кәсіпкерді депутат қылып жіберетін болдық. Немесе кәсіпкерлеріміздің өзі депутат болғысы келіп жанығып жүреді.

Айтыс, әдебиет пен мәдениетке, спортқа демеуші болады, меценат атанады. Арада біраз күн өткеннен кейін көшеде "Маған дауыс бер, халқым!" деген билборды ілулі тұрады. Осылайша сайлауға қатысып, Парламентке өтеді. Өтемей жатса, өткіземіз ғой өйтіп-бүйтіп (бір қызығы депутат болған соң меценаттығы да тоқтап қалады).

Осы жолғы сайлауда да сол қарақтар алғы шепте болатын сықылды. Содан кім ұтады? Не болады? Қыңыр ойым айтады: ол саясат деген ми батпаққа батады да кетеді.


Батпаса да есіл уақытын өзі түсінбейтін тақырыптар бойынша баяндамалар тыңдап, заңдарға шұқшиумен өткізеді дейді. Ол уақытын бизнесіне жұмсағанда оған да, елге де пайдалы болар ма еді?!

Содан болар біздің бизнес деген түсінігіміз коммерцияның айналысынан аспай жатқаны, мейрамхана, тойхана ашқандарды бизнесмен деп танып жүргеніміз.

Отыз жылда шетел нарығына қанша бизнес өкілі шықты, олигархтарды есептемегенде?.. Қанша кәсіпкер, меценат бизнестен саясат сахнасына секіріп кетті? Ал саусақты бүгіп, санап жіберейік, қайсысы көп екен, – дейді журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x