Гордонның бар ойы – қазақты мақтап, орысқа айдап салу

Dalanews 26 қаң. 2023 03:14 1600

Гордон ақымақ емес – ақылды да емес. Қу. Зәлім. Қазақты мақтап, орысқа қарсы қайрап отырады үнемі, дейді желі қолданушысы Жомарт Айтқазы.

Ресей мен Украина соғысы – тек екеуінің соғысы. Украина Қазақстан үшін соғысып жатыр, Еуропа үшін соғысып жатыр, басқасы үшін соғысып жатыр деген – сандырақ. Украина тек өзі үшін, өткен қателіктері мен болашағы үшін соғысып жатыр.

Украина бұл соғысқа өзімен қатар Қазақстанды да араластырып жіберуге мүдделі. Бұл ретте украиндар ақпараттық, идеологиялық, стратегиялық тұрғыда жүйелі әрі жоспарлы жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ютубты ашып, украиндарға жанашырлық, орыстарға өшпенділік сезімдеріңізді сөндіріп, ақылды қосып қарасаңыз бұған көз жеткізесіз. Украин жаңалықтары, роликтерінің барлығы Ресей мен Қазақстанды, әсіресе басшыларын бір-біріне айдап салу, салыстыру, Қазақстан мен қазақтарды мақтау арқылы Ресейді, орыстарды кемсіту (скриндерден видеолардың жарияланған уақыты, жиілігі, тақырыбы, тоны, подачасына мән беріңіздер)...

Бір сөзбен айтқанда Украина Ресейдің Қазақстанға қарсы оңтүстік фронтын ашып, әскери-тактикалық тұрғыда әлсіреуіне, шашылуына мүдделі.


Өкінішке қарай, біздің елдің кейбір азаматтары (танымалдар бастаған) бұны не түсінбей, не түсінсе де елдің бүгіні мен ертеңін бәске тігіп, елімізге соғыс шақырып жүр.

Әрине, ел шетіне жау тисе ешкім қарап қалмас. Бірақ бізге Украина тықпалап отырған соғыс керек емес.

Тіпті, керек десеңіз, бізге Ресей мен Украина соғысының анағұрлым ұзағырақ (басқыншы бұл өмірден кеткенше) созылғаны керек. Әрине, адами тұрғыда алғанда соғыстың болмағаны, тоқтағаны дұрыс. Бірақ мемлекеттер деңгейінде әрқайсының өз ұлттық мүддесі бар, есебі бар.

Сондықтан, біздің кейбір азаматтардың Украинаны белсенді қолдаймыз деп, өзіміздің ұлттық мүддеміздің үдесінен шықпайтын, тіпті мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін теріс әрекеттеріне жол бермеу керек.


Бізде мемлекет бар. Мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясатын үйлестіріп отырған заңды институттар бар.

Ұлт болып ұйысып, елдігімізді нығайта беру керек.

Ел, жер – ортақ. Кейін опынып отырмас үшін Отанымызға опасыздық жасауға жол бермеген абзал.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар