Әскери борышын өтеп жүрген сарбаз аяқ астынан ақыл-естен айырылған!

Dalanews 16 қаң. 2023 05:07 238

Шымкентте әскери бөлімде борышын өтеп жүрген сарбаз жындыханадан бір-ақ шықты. 35748 артиллерия дивизионының жауынгері Самрат Тыныштықбайдың туыстары осыдан бес күн бұрын оның сау болғанын алға тартуда. Бірақ соңғы екі-үш күнде сарбаз есінен адасып, аяқ асты өзгеріп кеткен, – деп хабарлайды КТК арнасы.

20 жастағы жауынгердің туыстары бұл әскери бөлімдегі әлімжеттіктің кесірі болуы мүмкін екенін айтып, күдіктенуде. Қызылорда қаласынан былтыр көктемде ғана әскерге алынған Самрат Тыныштықбай жыл өтпей жатып жындыханадан бір-ақ шықты.

Туыстары бұған әскери бөлімдегілердің қатысы бар деп топшылайды. Себебі, осыдан бес күн бұрын ғана ауылдан анасы мен әжесі келгенде ұлы сау болған.

Арада бірер күн өткен соң Самрат психикалық ауытқуы бар науқастарға арналған ауруханадан бір-ақ шыққан.

– Күдігіміз бар, ұрған болуы мүмкін. Әйтпесе екі күнде ол бұлай жынды болып қалмайды ғой. Баламыз жынды адам сияқты боп қалған. Оны қорқытып-үркітіп, ұрып-соғып соны білдірмейтін отырған сыңайлы. Жаңа біреу «психотроп зат салып жіберуі де мүмкін» деді. Сап-сау баланы екі күннің ішінде әскери бөлім психауруханаға жатқызған. Не деген оңбаған адамдар! – деп ашынды сарбаздың апасы Салтанат Тыныштықбай.


Ал әскери бөлімдегілер туыстарының күдігін жоққа шығарады. Күнделікті қызмет етіп, үлгілі сарбаз ретінде танылған Самрат таңғы сап түзеу кезінде түсініксіз әрекет істей бастаған. Тіпті, қаруластарына әмір беріп, пәрмендерді тыңдауды қойған соң, медициналық ротаға жібергендерін алға тартып, ақталуда.

– Сарбаз сапта тұрғанда өзінен өзі сандырақтап, сөйлей бастады. Ол «сапқа тұрыңдар» деп айқайлайды. Арынша ән айтады. Сарбаздардың сапта тұруының белгіленген тәртіп бар. Ол тәртіпке бәрі бағынуы керек. Жауынгер тәртіпке бағынбай, бір теріс қылықтар жасаған соң, дәрігерлер оны тексеруге алды. Емдеу орталығының мамандары сарбаздың есінде кемістігі бар болуы мүмкін екенін айтуда. Бірақ нақты диагноз әлі қойылған жоқ, – дейді 35748 әскери бөлімі артиллерия дивизионының командирі Әділет Кенжебеков.

– Сарбаз бізге келіп түскенде оның психикасы қатты бұзылғаны байқалды. Қазір  науқас стационарлық тексеруден өтуде. Содан кейін ем алуға жатқызылады. Диагнозы әлі қойылған жоқ. Тексерілуде. Он күннің ішінде диагноз қойылады, – дйді Шымкент психикалық денсаулық орталығының бөлім маманы Сухраб Әбдіқадыров.

Дәрігерлер сарбаз емдеу мекемесінде кем дегенде бір ай жататынын айтуда. Ал сап-сау ұлын есінен тандырған әскери бөлімдегілер екеніне сенімді жақындары әскери прокуратурадан бейнекамераларды жіті зерттеуін талап етуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x