«Лагерьге барарда толық тексерілген». Бала өліміне онкологиялық ауру себеп болған ба?

Dalanews 13 қаң. 2023 05:04 307

Бурабайдағы «Балдаурен» сауықтыру орталығында көз жұмған жасөспірімнің ешқандай онкологиялық ауруы болмаған. Лагерьге кетерден бес күн бұрын ғана толық медициналық тексеруден өткен Нұрдәулет Манаптың денсаулығынан еш кінәрат таппағанын алға тартты дәрігерлер.

– Біз сараптама тұжырымымен мүлдем келіспейміз! Оның ағзасында қаны аз, бойында қатерлі ісік бар деуі тіпті дұрыс емес. Лагерьге барар алдында ғана толық тексерістен өтті. Сол кезде қатерлі ісіктің бір белгісі болмас па еді?! Тап-таза, еш сырқаты жоқ. Біз бұны бұлай қалдырмаймыз, – деп Хромтау ауданы ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазин КТК арнасына түсініктеме берген.

Нұрдәулет Манап лагерьге аттанар алдында медициналық тексерістен өткен. Дерігер сараптамының бәрі дұрыс болғанын алға тартты. Оның үстіне жасөспірім қандайда бір ауру бойынша еш жерде есепте тұрмаған. Тіпті онкология ауруы да болмапты.

Алайда баланың денесіне сараптама жасаған Көкшетаудағы мамандар марқұм қатерлі ісіктен көз жұмғанын алға тартуда.


Тіпті ұлының денесін алып кетуге келген туыстарына нақты өлім себебі жазылған бір жапырақ қағаз ұстатыпты.

Бурабайдағы «Балдаурен» сауықтыру орталығына демалуға келген 14 жастағы бала кеше көз жұмды. Нұрдәулеттің түнімен іші ауырып, таң ата жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын лагерь басшысы алға тартқан болатын. Бүгінде аталмыш оқиғаға бойынша тергеу жүруде.

– 11 қаңтар күні жасалған сараптамада баланың өліміне ағзаның қан аздығы және жамбаста қатерлі ісіктің пайда болуы себеп болған. Тергеу жалғасуда, – дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x