Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің қазасын тергеу тоқтатылып, іс құпияланды

Dalanews 06 қаң. 2023 09:08 189



Қаңтарда оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты қозғалған іс тоқтатылды. Тергеу органы істі «қылмыс құрамы болмағандықтан» тоқтатқан, іле шала оны «құпия» еткен.

Бұл туралы Азаттыққа бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан хабарлады.





- Бұл масқара ғой, сөзім жоқ. Қызымды өлтіргендерді табудың орнына істі тоқтатқан, онысымен қоймай істі «құпия» етіпті. Желтоқсанның аяғында тоқтатыпты. Кеше оны естіп адвокатым айқай-шу шығарғаннан кейін хат жіберіпті. Енді іс материалдарын да көре алмайтын болдық. Не істерімді де білмей отырмын, ести сала қолхат жазып ауруханадан бүгін шықтым, - деді 6 қаңтарда Айдос Мелдехан Азаттыққа.

Бұған дейін Айдос Мелдеханның ауруханаға түсіп, бүйрегіне операция жасалғанын Азаттық жазған.

Істі тергеуші орган оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Айдос Мелдеханға жіберген хатында «Адам өлтіру» бабы (ҚК 99 бап) бойынша қозғалған іс 2022 жылдың 28 желтоқсанда «Қару қолданып, билікті асыра пайдалану» бабына (ҚК 451 бап) ауыстырылғаны жазылған. Екі күннен кейін яғни, 30 желтоқсанда іс тоқтатылып, «құпия» құжат деп танылған. Енді құпия құжаттармен танысу үшін Алматының ұлттық қауіпсіздік қызметі департаментінен арнайы рұқсат алу керек.

- Тергеу органы істе «қылмыс құрамы жоқ» дейді. Яғни, Айкөркемді ату қылмыс емес, қаруды заңды негізде қолданған-мыс. Әрине біз шағымданатын боламыз, - деді адвокат Рафик Бейсебеков.


Істі тоқтату туралы қаулы әскери прокуратураға заңдылығын тексеруге берілген.

Төрт жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Балалардың әкесі бұған дейін көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған.

Айдос Мелдехан осыған дейін Азаттыққа 4 жасар бүлдіршіннің қазасы тергелмей отырғанын, оның отбасына қоқан-лоқы жасалғанын айтқан.


https://dalanews.kz/aimak/84544-qazaqstan-yenergetika-dagdarysynan-q


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x