25 академия ашылады: Huawei Жаңа Қазақстанға қажетті ІТ кадрлар дайындауда

Dalanews 15 желт. 2022 08:43 191

Биылғы Дүниежүзілік экономикалық форумда кадрлық индустрия көшбасшысы ManpowerGroup корпорациясы жария еткен мәліметке сүйенсек: сұраныстағы мамандықтар тізімінде ІТ саласы және Data мамандары топ бастап тұр.

Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Жоғары технологияның құлағында ойнайтын төл мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақпараттық технология мен ІТ саласының мамандарына мұхтаждықтың себебі - жаһандық экономикадағы тенденциямен байланысты. Дамыған елдер цифрлы технологияларды күнделікті өмірге түгелдей кіріктіруге тырысуда.

Президент Тоқаевтың жоғары білікті ІТ кадрлар дайындау туралы тапсырмасы Huawei Technologies Kazakhstan-ның даму стратегиясымен үндес. Ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылым мен интеллектуалды құралғыларды құрастыру тұрғысында теңдессіз саналатын компания осы іске атсалысуға әзір.

Жоғары білікті қазақ мамандарын даярлауды мақсат тұтқан Huawei Қазақстанда Ақпараттық технологияларға арналған акамедиялар ашуда.


Осынау оқу орындары аталған мамандықты игеріп жатқан студенттердің кәсіби білігін көтеруге көмектесіп, компаниядағы бағдарламалық жобалар мен инновациялық технологияларды таныс етеді.

«Huawei-дің өзгелерден ерекшелігі неде десеңіз, компания ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулерге қолдау көрсетеді, бұдан сырт аталған салаға қажетті білікті кадрларды даярлауға қолғабыс етеді.

Біз отандық оқу орындарымен технологиядағы тың жаңалықтардан бөлек осы бағыттағы жылдар бойғы жиып-терген білім мен тәжірибемізді бөлісуге әзірміз.

Қазақ студенттерін оқытып, тоқытып, олардан сапалы маман әзірлеуге мүдделіміз. Соның арқасында Жаңа Қазақстанның интеллектуалдық потенциалы еселеніп, елдің цифрлық болашағы баянды болады», – дейді бас директордың аппарат жетекшісі Фарида Төлеубаева.



Huawei ақпараттық технологиялар академиясы – осынау технологияның қыр-сырын меңгергісі келетін студенттердің тереңдете білім алуына жәрдемдесетін, компанияның әлемдегі жетекші оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асыратын халықаралық әріптестік бағдарламасы.

Әзір мұндай акамедиялар әлемнің 82 елінде табысты жұмыс істейді. Huawei академиялары қалыптастырған экожүйе оқу – ағарту саласында ойып тұрып орын алған. Осы күнге дейін аталған академияларды 125 мың маман тәмәмдап, үлкен өмірге жол аяқ басты.

Еліміздің Ғылым және Оқу – ағарту министрлігімен әріптестік туралы меморандумға қол қойған Huawei компаниясы Қазақстандағы цифрлық білімнің көкжиегін кеңейтуге үлес қосып, осы бағыттағы акамедиялардың санын ұлғайтатын болады.


Бүгінге дейін Қазақстанда Huawei-дің ұйытқы болуымен дәл осындай 25 акамедия ашылды. Бұларды аяқтап шыққан кадрлар жоғары технологиялар саласындағы мойындалған мамандарға айналды.

Компанияның білім бағдарламасы еліміздің іргелі оқу орындары тарапынан қолдау тауып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Еуразиялық университет, IT University, Атыраудағы Мұнай және газ университеті және өзге де ЖОО-лар оқу орнының іргесінен академия ашуға келісімін берді. Таяу болашақта еліміздегі Huawei акамедияларының саны 50-ге жетіп, бұларда білім алатын студенттердің саны 5 мың адамнан асып жығылатын болады.



«ҚазҰУ талантты жастардың талабын ұштауға ерекше көңіл бөледі. Соның ішінде ІТ саласының орны алабөтен. Оқытушылар мен студенттер Huawei компаниясының құрылымдарында ғылыми іс-тәжірибеден өтіп, көрген-түйгенін еліміздің цифрлық потенциалын арттыруға бағыттай алады.

Huawei-дің қолдауымен ақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық байқауларға қатысу студенттерге қосымша стимул болады», – дейді оқу орнының академиялық мәселелер бойынша проректоры Фәтима Жақыпова.

Оқу бағдарламасы аясында оқытушылар мен студенттер ІТ технологиялар, жасанды интеллект, Big Data, желілік қауіпсіздік, маршрутизация, сымсыз жүйе, мәліметті сақтау қоймалары, бұлтты технологияларды дамыту және өзге де технологиялық бағыттар бойынша пайдалы курстарды меңгереді.

«Huawei акамедиясының студенті болу кез-келгенге бұйыра бермейтін мүмкіндік. Қатарынан озып, дараланған жастарға академияны оқып-тауысқаннан кейін Huawei компаниясына жұмысқа тұруға жағдай жасалады. Біз үшін бұдан артық мотивация бар ма?! Академия қабырғасында ақпараттық коммуникациялық желілер мен бұлармен байланысты заманауи стандарттарды және олардың қауіпсіздігін сақтаудың амал-тәсілдерін үйренеміз.

Курсты таңдауға келгенде кеңшілік жасалған, болашақта зор сұранысқа ие болатын жасанды интеллект пен бұлтты технологияларды таңдауға болады», – дейді осы орайда Алматыдағы Энергетика және байланыс университетінің студенті Кемал Сейдуәлиев.

Курсты аяқтағаннан кейін студенттер халықаралық үлгідегі сертификат алу үшін емтихан тапсыра алады. Жаһандық деңгейде мойындалған құжат жастарға ел ішілік және шетелдік компанияларға еш қиындықсыз жұмысқа орналасуға жол ашады.

Huawei компаниясы Қазақстандағы ІТ саласының өрісін кеңейту үшін талантты кадрларды көптеп «тәрбиелеп», осы бағытта еліміздегі барша университеттермен әріптесіп жұмыс істеуге әзір.

https://dalanews.kz/news/84712-industrialandyru-kartasy-elimizde

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x