Cоңғы жаңалықтар
Back

Жаңа Қазақстан Хаменоваға қатаң үкім шығарды

15 қарашада Атырау қаласының №2 соты Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бостандығынан айыру, алайда кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, жазаны үш жылдан кейін өтеу жөнінде үкім шығарды.

Сот үкімінде Бақытгүл Хаменованың мүлкі тәркіленетіні, “Құрмет” ордені мен мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылғаны көрсетілген.

Сот залынан уақытша бостандыққа шыққан соң Бақытгүл Хаменова “сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін” мәлімдеді.

Бақытгүл Хаменова ісімен бірге қаралып жатқан Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиевті судья Жұмағали Тәшімов 7 жылға, “Балқыту” ЖШС директоры Өміртай Адамовты 4 жылға бостандығынан айырды.

31 қазанда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша өткен кезекті сот отырысындағы жарыссөзден кейін прокурор Лаура Асанова Хаменованы жеті жылға бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салуды, кәмелетке толмаған жас балалары бар екенін ескеріп, жазасын үш жылдан кейін өтеуге міндеттеуді сұраған.

Прокурор Атырау облыстық тілдерді дамыту және архив басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиевті де 7 жылға бостандығынан айыруды, “Балқыту” компаниясының директоры Өміртай Адамовты 4 жылға бостандығынан айыруды сұраған.

13 қазандағы сот отырысында Ақылбек Рысқалиев “пара алушы және пара беруші арасындағы делдал болғаны туралы” бұрынғы сөзінен айнып, Хаменованың “4,5 миллион теңгеге қатысы жоғын” мәлімдеген. Ол бұрынғы сөзін “сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің қысымымен айттым” деген.

Атырау облысы әкіміның бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиев Атырауға “Абай ескерткішін орнатуға арналған мемлекеттік сатып алу келісімін жасасқанда 4,5 миллион теңге пара алған” деген күдікке ілінген еді.

Бақытгүл Хаменова ісі биыл мамырда сотқа түскен. Оның ұсталғаны туралы ақпарат 2021 жылдың желтоқсанында шыққан еді. Бастапқыда үйқамаққа алынып, кейін тергеу изоляторына ауыстырылған.

Бақытгүл Хаменова 2020 жылдың наурыз айында Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Оған дейін алтыншы шақырылымдағы парламент мәжілісінің депутаты (2016 жылдың наурызы – 2020 жылдың наурызы) болған.

Оның 2016 жылы “Нұр Отан” партиясының (қазіргі – “Аманат) съезінде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған мадақ сөзі қоғамда көп талқыланған еді.