Сұраққа орысша жауап берсеңіз, жауап қайтармай-ақ қойыңыз! – депутат

Dalanews 15 қар. 2022 03:39 291

Мәжілістегі үкімет сағатында қазақ тіліндегі сұрақтарға орысша жауап берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербайға ескерту жасалды. 

Жиында министрдің орынбасары Жеңіс Өсербайға бірнеше рет мемлекеттік тілде сұрақ қойылды. Алайда шенеунік бәріне орысша жауап берген. Сол себепті, Мәжіліс төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева вице-министрге ескерту жасады.

– Барлық мемлекеттік қызметкер қазақ тілін, мемлекеттік тілді білуі керек. Ол бойынша да дайындалып келуіңіз шарт, – деді ол.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовқа сұрақ қойып, оған қазақ тілінде жауап беруді сұрады.


–  «Дипломмен – ауылға» деген бағдарлама бойынша қанша маманды ауылға тарттық? Қанша балықшы білім алды? Ауыл шаруашылығы министрлігіне, шекара қызметінің бірінші орынбасарына қазақ тілінде сұрақ қойылды. Олар сияқты сауалға орыс тілінде жауап берсеңіз, онда жауап қайтармай-ақ қойыңыз! Өзге вице-министрден жауапты қағаз түрінде аламын. Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілде – қазақша қойылған сұраққа өзге тілде – орысша жауап беруін нонсенс деп санаймын», - деді депутат.

Осы ескертуден кейін бірінші вице-министр сауалға мемлекеттік тілде жауап берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x