Путин мен Пригожин соғысты циркке айналдырды

Dalanews 07 қар. 2022 09:45 141

Путиннің о баста бір аптаға жоспарлаған соғысы сегіз айдан асып барды. Жер әлемдегі екінші армия деген мәртебелі аттың күлі көкке ұшты. Путиннің ендігі жерде бар сенері ядролық қару ғана болып тұр. Оны қолданса тұтас әлем Путиннен теріс айналатыны анық.

Осылайша орыс әскерінің абыройы айрандай төгіліп, көз алдымызда айбарынан жұрдай болды.

Осы соғыстан кейін рейтингте Ресей әскерінің әлемнің мықты 10 армиясының ішіне кіре алмай, сыртта қалатыны анық. Оны ойласа, Путиннің шеке-басы тырысып, талағы тарс айырылуы мүмкін.

Орыс әскерін жемқорлық жегі құрттай жеп біткенін бүкіл әлем көрді. Бұл соғыс әскердегі жемқорлықтың неге әкеп соғатынын соқырға таяқ ұстатқандай көрсеткені анық. Енді жемқорлық жайлаған елдер бұдан сабақ алуы керек.

Оның ішінде Қазақстан да бар. Басқа-басқа әскердегі жемқорлыққа ешкім төзбеу керек.

Бұл соғыс орыс әскерінің әскери дайындығы плитустің деңгейінен төмен түсіп кеткенін көрсетті. Жауынгерлік рух деген атымен жоқ.

Әлдебіреулер Америка бастаған Батыс елдері қару-жврақты әкеліп төгіп жатыр деп әңгіме айтуы мүмкін. Бұл енді орыстың таза пропагандасы.

Путин өзі "әскери операция" деп атайтын соғысты бастағалы бір өтіріген бір өтірікпен жамап келеді.

Ол Украинаға басып кіргенде елде әскери мобилизация болмайтынын айтқан еді. Ол 300 мың әскерімен Киевті басып алатына сенімді болғаны анық. Бірақ әскерінің сиқы мәлім болғаннан кейін мобилизация жасауға мәжбүр болды. Сөзінде тұрмай, уәдесін бұзды.


Ал оның соңы соғысқа жарамды орыстардың жаппай елден қашуына әкеп соққанына бәріміз білеміз.

Осылайша "ура патриоттар" мен "диван батырлар" бөтен елге бас сауғалап, елінен қашуға мәжбүр болды. Көршілес елдерге үдере көшкен орыстар енді біразға дейін Ресейге аттап баспайтыны анық.

Бүгінде Кремль әскери мобилизацияның аяқталғанын айтып, соғыстан қашқан отандастарын елге қайтаруға тырысуда. Бірақ сарапшылар Ресей билігі алдағы жылдың қаңтарынан бастап жаппай мобилизацияны қайта бастайтынын айтуда.

Егер бұл сөз рас болса, Путин бір мобилизацияға қатысты екі рет өтірік айтқан саясаткер ретінде тарихта қалайын деп тұр.

Жалпы бұл соғыс басталғалы бері Путиннің өтірік айтудың хас шебері екеніне көзіміз жете түсті.

Тамыз айында орыс әскері Украина жерінде ойсырай жеңіліп жатқанда Путин "біз әлі соғысқа шындап кіріскен жоқпыз" деп беті бүлк етпестен өтірік айтқан еді.

Дәл сол сәтте Путин Мәскеуде лепіріп әңгімей айтып, тұтас орыстың құлағынан теуіп жатқанда Путиннің аспазшысы һәм "Вагнер" жеке әскери компаниясының қожайыны Евгений Пригожин Ресейдің түрмелерін аралап Украинаға қарсы соғысуға зектерді үгіттеп жүрген еді. Несін айтасыз, Путин мен Пригожин Украинадағы соғысты осылайша циркке айналдырғанын өздері сезбей отырған сыңайлы.

Қыркүйекте Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу жартылай мобилизацияны жария еткенде әскери операция басталғалы бері Ресей бес мыңнан астам сарбазынан айырылғанын айтып, өтірікті соқты.

Егер бұл соғыста Ресей шыныменде бес мың әскерінен айырылса, мобилизация жасап, әуіреге түспес еді. Мобилизация орыс әскерінің үлкен шығынға ұшырағанын меңзейді. Ал оны Путиннің мойындағыс жоқ.


Украина мен Батыстың барлау қызметі бұл соғыста Ресейдің 80 мыңнан астам сарбазынан айырылғанын алға тартуда. Ресейдің әскери мобилизацияны қолға алғанына қарап, шынымен де Кремльдің 80 сарбазынан айырылғанын топшылауға болады. Өйткені өтірік айтуға әбден дағдыланған путиншілер еш уақытта шындықты айтпайтыны анық.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x