"Сөзіне жауап берсін...". Белсенді Мухоряповтың кеңсесіне кіріп барды

Dalanews 21 қаз. 2022 08:33 187



Қазақстанда кәсіпкердің қазақ тілі жайында айтқаны дауға айналып, қолданушылар кәсіпкердің компаниясына бойкот жариялауды ұсына бастағаннан кейін 20 қазанда компания оқиғаға түсініктеме берді.

Олар кәсіпкердің "қателескенін" айтып, қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ сайттарын қазақшалауға да уәде берді.





Бір күн бұрын Chocofamily Holding негізін қалаушы қазақстандық кәсіпкер Рамиль Мухоряпов елге келген ресейліктер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанда "орыс тілін біле тұра" қазақ тілінде сөйлегендерді сынап, мұны "ұлтшылдық пен мәдениетсіздіктің белгісі" деп атаған.

Кәсіпкер сөзін желі қолданушылары қатаң сынға алып, компанияның қызметін пайдаланудан бас тарту науқаны да басталған. Кейбір қолданушылар компания сайттарының қазақша нұсқасының жоғына да назар аударған.

– Бұл біздің кемшілік. Мұнымызды ақтай да ала алмаймыз. "Уақыт болмады, үлгере алмадық" деп те айта алмаймыз. Айтқандарыңыздың бәрі дұрыс. Енді біздің қолымыздан не келеді? Түзеу керек. Соңғы бірнеше айда сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сол себепті жыл соңына дейін барлық сервис қазақ тіліне аударылады деп ойлаймын. Түзеуге уәде береміз, – деді 20 қазанда ақпарат құралдарына түсініктеме берген Chocofood компаниясының PR менеджері Сәния Серікова.

Ақпарат құралдары одан Рамиль Мухоряповтың сөзі жөнінде де сұрады.

– Рамиль қателесті. Дұрыс сөз таңдай алмай қателесті. Барлығы мұны түсінеді. Себебі егер ол солай ойласа, (қаншама қазақ отыр – С.С), қазақтар онымен жұмыс істемейтін еді. Қазір ол шын жүрегіммен кешірім сұраған видео түсіріп жатыр. Ол өзінің Инстаграмдағы парақшасына жариялайды. Тек осындғаылар ғана емес, бәрі көре алуы үшін, – деді Сәния Серікова.

Бейсенбі күні компания өкілі ақпарат құралдарына сұхбат бермей тұрып, белсенді Кәмила Еңсегенова Chocofood-тың Алматыдағы кеңсесіне барып, кәсіпкермен кездесуді талап еткен еді.


Оның қолында "Қазақстанда орысша сөйлеуге міндетті емеспін. #Сancel Chocolife, #Рамильге бойкот" деген жазуы бар плакат болды.



– Қазақтар "ұлтшыл" деді. Орысша білмейтін қазақтар "біртүрлі", "мәдениетсіз" деді. Мен мәдениетсіз емеспін. Мен мәдениетсіз болсам, басқа жерге барар едім. Рамиль мырзамен көзбе-көз сөйлесуге келдім, – деді кәсіпкердің шығуын талап еткен белсенді.

Оқиға орнында белсендімен қатар ақпарат құралдары болды. Алайда кәсіпкер шыққан жоқ. Оның орнына компания өкілі Сәния Серікова жауап берген.

Былтырдан бері Ресей саясаткерлері мен ақпарат құралдары Қазақстанның аумақтық тұтастығына, елдегі орыс тілінің ахуалына қатысты қарама-қайшы мәлімдемелер жиі жасап жүр. Кейбіріне Қазақстан билігі реакция да білдірген. Қыркүйек соңынан бері мобилизациядан қашқан ресейліктердің едәуір бөлігі Қазақстанға келгеннен кейін елде тіл мәселесі жиі көтеріліп жүр.

Chocofamily Holding негізін қалаушы, 37 жастағы Рамиль Мухоряпов Forbes мәліметінше, 2021 жылы Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкер қатарына енген.

https://dalanews.kz/news/82684-almaty-oblysy-zhasyl-yenergetikanyng


https://dalanews.kz/sadak/82570-nazarbaev-khalyq-sanagy-kezinde-5-mln-qa

https://dalanews.kz/kogam/82579-ayzhan-ysqaqova-yekologiialyq-madenie


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x