Путин әскери мобилизация жариялады

Dalanews 21 қыр. 2022 07:37 322

Бүгін Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғысты үдете түсу үшін ел аумағында жартылай әскери мобилизация жасау туралы бұйырққа қол қойғанын мәлімдеді.

Путин телеарналар арқылы жасаған үндеуінде «Донбастағы жағдай мен Украинадағы әсіре ұлтшылдарға бағытталған арнайы әскери операцияны күшейту мақсатында жартылай әскери мобилизация жариялаймыз» деді. Енді әскери тәжірибеден өткен Ресей азаматтары қолдарына қару алып, майдан даласына аттануы тиіс.

Өз кезегінде Путин мың шақырымға созылатын майдан шебінде орыс әскері тек қана әсіре ұлтшылдармен ғана емес Батыс елдерінің әскери машинасымен де күресіп жатқанын айтты. Осылайша ол Ресей әскері тұтас НАТО әскермені бетпе бет келгенін ескертіп, әскери мобилзацияны ақтауға тырысты.

Жарияланған мобилизация бойынша запастағы әскерилер соғысқа шақырылмақшы.

– Жартылай әскери мобилизация іс-тәжірибесі бар запаста тұрған әскерилерді қамтиды. Әскерге шақырылған азаматтардың бәрі қайтадан қысқа мерзімді әскери дайындықтан өтетін болады, – деді Путин.


Осы ретте жартылай әскери мобилизация жасау турасындағы ұсынысты Путинге Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың әскерилері ұсынғанын айта кетуіміз керек.

Путин әскерге шақырылған азаматтардың бәріне тиісті төлемдер төленетінін және әскери мобилизацияның жарияланған сәттен бастап ел аумағындағы өндіріс орындарының жұмысын соғыс жағдайына ауысатынын ескертті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x