"Беті бері қарап келеді...". Назарбаевтың ет жақындары елге үн қатты

Dalanews 03 там. 2022 06:30 258

Болат Назарбаевтың ет жақындары оның өмірден өткені туралы ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Бұған дейін бірқатар телеграм арналар мен әлемжелілерде Тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны хабарланған.

"Экс-президенттің інісі ұзақ уақыт көмей ісігімен күресіп,  69 жасында Алматы ауруханасында қайтыс болды" деген еді дереккөз Назарбаевтың қызы Гүлмира Әбішеваға сілтеп.

"Ауыр және ұзаққа созылған сырқаттан кейін әкеміз дүниеден өтті. Әлемнің қалай жұмыс істейтінін терең түсінетін, көп нәрсені болжай білетін жарқын, талантты, қамқор жан", - деген Әбішеваның мәлімдемесін JQ телеграм-каналы таратқан-тұғын.

Артынша бұл ақпаратты Назарбаев ағайын-туыстары теріске шығарды.

"Барлығы жақсы, алаң болмаңыздар. Оның беті бері қарап келеді. Қайтыс болғаны туралы алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырамыз", – деді Болат Назарбаевтың туыс-туғандары.

Өз кезегінде Алматы қаласының Денсаулық басқармасы да Болат Назарбаевтың өмірден өткені туралы ақпаратты растамады.

Қоғамда Болат Назарбаевтың сырқат екеніне күмәнмен қарайтындар көп. Бұған дейін Dalanews.kz-ке пікір білдірген белгілі журналист Ибраш Нүсіпбаев "төсек тартып жатқан адамның Қаңтар қырғыны кезінде Бішкекке жол жүріп, артынан Дубайға ұшуы мүмкін емесін" айтқан.

"Қырғызстанның шекара қызметінің мәлім еткеніндей Болат Назарбаев 2022 жылдың 6 қаңтарында таңғы сағат 05:30 шамасында “Ақ жол” бақылау-өткізу пунктінен өз аяғымен өтіп, 7 қаңтарда Бішкек әуежайы арқылы Дубайға ұшып кеткен. Оның дәл сол күні Дубайды бетке алғанын Flightradar24 сервисі де растайды", – деген еді әріптесіміз.

Ал қоғам белсендісі Арман Шораев: "Назарбаев ешқандай аурумен, ешқандай қатерлі ісікпен ауырып жатқан жоқ.

Біздің халқымыз кешірімді болғандықтан олар өздерінің арам пиғылдарын іске асырып, “бізді аясын” деп осылай жасап отыр.


Болат та, оның балалары да мыңдаған қазақтардың көз жасы мен обалына қалғандарын біледі. Олар осындай амал-айламен өздерін жауапкершіліктен аман алып қалғысы келеді", – деген пікір білдірген.

https://dalanews.kz/del-qazir/79742-bolat-nazarbaev-sap-sau-ol-zhauapkershi

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x