Солтүстік Қазақстан облысын Ресейге қосуға үндеген ерлі-зайыпты сотталды

Dalanews 03 там. 2022 05:24 270

Петропавлда әлеуметтік желі арқылы Солтүстік Қазақстанды РФ-на қосуға шақырған ерлі-зайыпты бес жылдан колонияға жабылатын болды, – деп хабарлайды Arasha.kz сайты.

Сот аталған отбасыға қатысты қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің 180 бабы 2 тармағы бойынша қарады (Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының бірлігі мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмаушылық пен бөлінбеушілікті және мемлекеттің ыдырауын насихаттау).

Іс материалдарында көрсетілгендей, ерлі-зайыптылар әлеуметтік желілерде Солтүстік Қазақстан облысын Ресей Федерациясына қосылуына қатысты «Қазақстан Республикасының біртұтастығын сақтау бөлігінде саяси және әлеуметтік тәуекелдерге әкеп соқтыратын әлеуметтік қауіпті мәлімдемелер» жасаған.

Олар мұндай үндеуді «Чат рулетка» қосымшасында жасаған. Ол бүкіл әлем қолданушыларымен видео арқылы байланысуға мүмкіндік беретін танымал сервис.


«Ерлі-зайыптыларына тағылған кінә іс материалдарымен расталады. Сотталушылар кінәсін қанша мойындамағанымен, ерлі-зайыптылардың кінәсі дәлелденді. Іске қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалу барысы жазылған және кешенді сот-психологиялық-филологиялық сараптамасы жүргізілген бейнежазба тіркелді» делінген Солтүстік Қазақстан облысы сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сот оларды кінәлі деп танып, сотталушылардың әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x