Кремль өкілі: Ресеймен дос елдердің азаматтары Украина жағында соғысып жүр

Dalanews 27 шіл. 2022 05:02 485



Ресей бас прокуроры Игорь Краснов Душанбеге барған сапарында постсоветтік елдердің азаматтары Украинада орыс армиясына қарсы соғысып жүр деп мәлімдеді. 





Ресейдің мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Краснов тәжікстандық әріптесі Юсуф Рахмонмен кездескенде былай деген: "Қазір Украинадағы жағдайға байланысты қауіп-қатер тек өршіп жатыр. Бүгін біздің елдер жаңа қауіп-қатердің алдында тұр. Себебі, ТМД елдерінің азаматтары Украинада орыс армиясына қарсы соғысып жүр".

Краснов бұл қауіптің алдын алуы үшін құқық қорғау органдары өзара әрекет етуі қажет деген.


Бұл мәлімдемеге тәжік тарапы не деп жауап бергені белгісіз, себебі тәжік ақпарат құралдарында бұл кездесу жайлы жазылмаған.

Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, 26 шілдеде Душанбеде Игорь Краснов пен Юсуф Рахмон екі мекеме арасындағы 2024 жылға дейін терроризм және экстремизмге қарсы, қылмыстық әрекеттерге қарсы бірлесіп күресу жөнінде келісімге қол қойған.

Бұған дейін баспасөз бетінде Арқалықтың тумасы, ұлты қазақ Жасұлан Дүйсембиннің үш жыл бұрын Украинаға көшіп барып, қазір сол елдің әскері сапында Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жүргені хабарланған. Украиналық әйелмен шаңырақ құрған Дүйсембиннің екі баласы бар. Ол әлеуметтік желілердегі парақшаларында майдандағы ахуал, Қазақстандағы саяси жүйе туралы ой-пікірін жиі білдіріп тұрады.



"Украинада тұрып жатқанда осы елге террор жасап келген Ресеймен жағдайды зерттей бастадым. Менің екі балам бар, олардың бойында украин қаны бар. Құдай сақтасын, олардың амандығын қорғау – менің борышым.

Бұған қоса, мен Ресейдің тек Украинамен тоқтамайтынын түсіндім. Сондықтан Ресейдің ары қарай менің Қазақстаныма бет алмауы үшін де бар күшімді салуым керек деп ойлаймын.


Украинада әскери келісім-шартқа қол қойған соң, майданға келгеннен кейін анама қысым жасала бастады. Оны түрмеге отырғызамыз деп қорқытқан. Анамды тыныштандырып, бұл өз таңдауым екенін, оған қатысы жоғын айттым. Қазір жақындарымның қауіпсіздігі үшін олармен сирек хабарласамын. Тек кей адамдар арқылы амандығымды білдіріп тұрамын. Оларды қорқытуға ешкімнің хақысы жоқ", – деген еді Жасұлан Дүйсембин Азаттыққа берген сұхбатында.

 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x