Болат Назарбаев сап-сау. Ол жауапкершіліктен жалтаруға тырысуда – журналист

Dalanews 25 шіл. 2022 12:50 339

Соңғы аптада атышулы Болат Назарбаевтың өлім аузында жатқанын хабарлаған ақпараттар жиілеп кетті.

Осыдан кейін жалғанды жалпағынан басқан Бөкеңнен әне-міне айырылып қалардай күй кешкенімізді жасырып қайтеміз?

Белгілі журналист Ибраш Нүсіпбаев Болат Назарбаевтың денсаулығына қатысты ақпараттарға күдікпен қарайтынын ашып айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Болат Назарбаевтың денсаулығы туралы ақпараттардың көптеп шығуына қатысты журналистің өз болжамы бар.

Осыдан біршама уақыт бұрын "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының жетекшілері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев ұзақ уақыт Германияда ем қабылдап, қиын кезеңді бастан кешіп жатқанын хабарлаған.

Қордың мәліметінше, өткен жылдың желтоқсанында Болат Назарбаев шетелде ем алып, кейін дәрігерлердің бақылауымен елге жеткізілген. Содан бері Бөкең жүріп-тұрудан қалып, төсек тартып жатса керек.

"Салиқалы ұрпақ" қорының өкілдері Болат Назарбаев өлім мен өмірдің арасында жатқанда өзінің бизнес құрылымдарын бақыламағанын, дүние-мүлкіне айналасындағылар бас-көз болғанын мәлімдеп үлгерді.

Алайда журналист Ибраш Нүсіпбаев Болат Назарбаевтың көптен бері төсек тартып жатқанына сенбейді.

"Салиқалы ұрпақ" қорының мәліметіне сенсек, Қаңтар оқиғасы орын алмай тұрып Бөкеңнің денсаулығы күрт нашарлап, жанымен қайғы болып кеткен.

Бұл ретте әріптесіміз Қырғызстанның шекара қызметінің 2022 жылдың 6 қаңтарында таңғы сағат 05:30 шамасында Бөкеңнің "Ақ жол" бақылау-өткізу пунктінен өз аяғымен өтіп, 7 қаңтарда Бішкек әуежайы арқылы Дубайға ұшып кеткені жайындағы мәліметті алға тартады.


Болат Назарбаевтың дәл сол күні Дубайды бетке алғанын Flightradar24 сервисі де растайды.

Осы жайттарды есепке алған журналист "Болат Назарбаев ұзақ уақыттан бері төсек тартып, ауырып жатты дегенге сену қиын" деген пікірде.

Иә, Қанды қаңтар кезінде Болат Назарбаев көлікпен қырғызға қарай қашқаны жайында ақпарат тараған еді.

Осы ретте 2021 жылдың желтоқсанында дәрігерлер бақылауымен елге жеткізілген Бөкең "2022 жылдың 6-шы қаңтарында көлікке отырып, қырғыз асып, Дубайға ұшатындай күш-жігерді қайдан алды?" деген заңды сұрақ туындайды.

Біздіңше, "Салиқалы ұрпақ" қорының таратқан ақпаратынан гөрі Қырғызстанның шекара қызметі мен Flightradar24 сервисінің мәліметі шындыққа жанасады.


Осы ретте "Салиқалы ұрпақ" қоры мен Болаттың отбасының Назарбаевты ұзақ уақыттан бері төсек тартып жатқан "тірі өлік" ретінде көрсетуге неліктен әрекеттеніп жатқаны көпшілікті қызықтырары анық.

Журналист Ибраш Нүсіпбаев Болат Назарбаевтың қоры өзінің қожайыны жайында шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратып, Бөкеңді Қаңтар оқиғасына қатысы жоқ, судан таза, сүттен ақ адам ретінде көрсетуге күш салып жатқанын алға тартыпты.

Мұндай жағдайда дімкәс адамның дүние-мүлкін тәркілеу де адамгершілікке жатпайтыны анық.

Бірақ Қанды қаңтарда Назарбаевтың қолынан билік сусып шығып бара жатқанда "жеке армиясы" бар Бөкеңнің тыныш жатуы мүмкін бе? Әрине мүмкін емес! Бөкеңнің сойылын соғып жүрген жігіттердің сол кезде баррикаданың қай жағында болғанын кімнің болса да іші сезері анық.


Қаңтар оқиғасы кезінде Болат Назарбаев ен жайлайтын Алматы мен Алматы облысында қандай қырғын болғанын білеміз.

Журналист Ибраш Нүсіпбаев осы жайттарды басшылыққа алып, Болат Назарбаев қатты науқас адамның кейпіне еніп, мемлекетке опасыздық жасаушылардың сапынан сытылып шығуды көздеп отыруы мүмкін деп топшылапты.

Айтпақшы, Бөкеңнің қызы Гүлмира Болатқызы күні кеше ғана «Экспресс К.» басылымының журналистерін үйіне шақырып, әкесінің денсаулығы жайында сұхбат беріп, Бөкеңді қатты сырқат адам ретінде көрсетуге тырысқан-тұғын.

Гүлмира Болатқызы «Экспресс К.» басылымына берген сұхбатында әкесінің 2015 жылы бүйректің созылмалы обырына шалдыққанын, Израиль ауруханасында ем алып, бір бүйрегін алдырған, донор көмегіне жүгінгенін айтыпты.

Сол кезден бастап клиникалық өлім жағдайына түскен соң, барлық бизнестен бас тартып, тек денсаулығын күтумен болған. Қазір Болат Назарбаев сөйлей алмайды.

«Оған себеп: 2021 жылдан бері көмей обырымен ауырады» дейді Гүлмира Болатқызы. Ал бұған сіздер сенесіздер ме?


...

Ал Arasha.kz порталына пікір білдірген сарапшы Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша Болат Назарбаевтың ауыр халде жатқан видеосын әдейі таратып жатыр.

– Нақтырақ айтсам, халықтың аяушылығын тудыру арқылы «Болат Назарбаевты кешіре салайық» деген пікір қалыптастыруда. Ал біз қоғам ретінде оның заңсыз іс әркеттеріне баға берілуін талап етуіміз керек. Билік «халықты алдай саламыз» деп әбден үйреніп алған. Ал біз оларға нақты жауап бер деп талап етуіміз керек, – дейді Бейсебаев.


«Болат Назарбаев қандай жағдайда болса да жауапқа тартылуы керек. Мәселен қылмыскер бір адамды өлтірген болса, біз оны кешірмейміз ғой. Қоғамда «Болат Назарбаев рейдерлік шабуыл жасады» деген әр түрлі алыпқашпа әңгіме айтылады. Оған жауап берілу керек.

Өкінішке қарай біздің билік қылмыстық іс қозғамайды. Не болмаса билік «Болат Назарбаев мөлдір бұлақ секілді тап таза» деп ашық айтуы керек. Олай айтпайды. Тек қана «жанындағы адамдар қылмыс жасады» деп айтылады. Қасындағы адамдар ешқандай бұйрықсыз әрекет етті ме? Бізде осындай түсініксіз жағдай көп...», – дейді сарапшы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x