"Назарбаевтың кесірі...". Қазақша сөйлеуді талап еткен танымал экономисті кафеден қуып шықты

Dalanews 22 шіл. 2022 12:24 305

Белгілі экономист Атамұрат Шәменов Алматыдағы “Узбечка” кафесіне бас сұғып, өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетуін өтінгенде дәмхана қызметкерлері қоғам қайраткерінің сөзін құлаққа ілмей, дәмханадан қуып шыққанын әлеуметтік желіде жазды – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматының Әузов ауданында Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы  “Спутник” кешеніне қарсы орналасқан “Узбечка” деген кафе бар. Кірсең бірден тамаққа тапсырыс беруің керек. Біреуді күтуге рұқсат жоқ.

Қазақша сөйлемейтін кафе! Неге қазақша сөйлемейсіңдер десең, "біз сөйлемейміз, керек болса қазақша сөйлейтін жерге барыңыз” дейді.


Зал меңгерушісі түрі шығыс келбетіндегі әйел екен, “мен қазақ емеспін, қазақша білуге міндетті емеспін” деп тақ ете қалды.

Бұл қоғамдық орын мен тұтынушы ретінде қазақ тілінде тапсырыс қабылдаңыз десем, қысқа “жоқ” деп қайырды.

 



Сәлден кейін “сізге қызмет көрсетілмейді” деп мені кафеден шығарып жіберді.

Менің түйгенім Назарбаевтың интернационализм саясатының жемісі диаспоралардың мемлекетті менсінбеуіне әкелгені, қазақ халқын басынуы.


Алматы қаласының әкімдігі, аудандар “Жаңа Қазақстан” құруға талпынысы мардымсыз.

Сондықтан менің сөзімнің шындығын білгісі келетін журналистерге осы кафеге баруларына кеңес беремін. Тіл комитеті, кәсіпкерлікпен айналысатын басқармалар, прокурорлар қайда қарап отыр. SOS!!!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x