Қантты Бразилиядан тасығаннан гөрі Ресейден жеткізу арзан еді – Сұлтанов

Dalanews 24 мау. 2022 04:45 206

Қазақстан сауда министрі Бақыт Сұлтанов 23 маусымда үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауабында елге сырттан келетін қант бағасы өсе беретінін айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Импортқа тәуелді азық-түліктің көбінің, мысалы, қанттың бағасы, қаласақ та, қаламасақ та өсе береді. Өйткені бүкіл әлемде биржада баға өсіп барады, негізгі өнім өндіретін елдердің қорындағы қант та қымбаттап жатыр. Біз қант алатын елдердің бірі Ресей өнім жіберуді шектегендіктен, әрине, ол да әсер етеді. Бүкіл әлем бойынша логистика шығыны өсіп жатыр, доллар, еуро да көтеріліп барады, – деді министр Сұлтанов.

Қазақстан сауда министрлігінің дерегінше, мемлекет өзге елдерден 100 мың тонна қант сұраған. Министр қазір елде 350 тонна қант барын айтты.

– Біз өзге елдерден қант сұрадық. Әлемде ірі көлемде қант сататындар қатарында Бразилия, Үндістан мен Вьетнам бар. Бірақ Үндістан да шектеді, сондықтан қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз, – деді Сұлтанов.


Бұған қоса министр қазір Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігі келіссөз жүргізіп, есеп-қисап жасап жатқанын да айтты.

Оның сөзінше, Украинада соғыс басталғанға дейін Қазақстан сырттан келетін қанттың 70 пайызын Ресейден алып келген. Өйткені логистика жағынан бұл бізге тиімді болды дейді министр.

– Нарық конъюнктурасы сондай болды, яғни бізге шеттен келетін қанттың 70 пайызын Бразилиядан тасығаннан гөрі Ресейден сатып алу арзанға түсті. Қазір біз шектеуге тап болғандықтан, логистиканы өзгертуге тура келеді, – дейді Бақыт Сұлтанов.

Украинаға басып кірген Ресейге Батыс елдері санкция салғаннан кейін Мәскеу азық-түліктің кейбір түрін, соның ішінде қантты экспортқа шығаруды шектеген. Қазақстанның бірқатар аймағында қант бағасы күрт өсіп, сауда орындары тұтынушыға қантты шектеп сата бастаған. Қазақстан кондитерлері шикізат бағасы өсіп кеткендіктен тығырыққа тірелгенін айтып шағынған.


Елде қант тапшылығы сезіле бастағаннан кейін үкімет 23 мамырдан бастап Қазақстаннан сыртқа ақ қант пен қант шикізатын шығаруға жарты жылға шектеу енгізген.

Мамырдың аяғында баспасөз құралдары Қазақстанның осы кезге дейін өнімді Ресейден алып келген аймақтарында қант тапшы екенін хабарлаған. Осы аптада елдің бірқатар өңірінде әлеуметтік дүкендер бір адамға бір-ақ келі қант сатуға көшкен. Тіпті базарлардың өзінде осындай шектеу енгізілгені байқалған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x