Жаңа Қазақстанда билік өкіліне бағынбағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі

Dalanews 08 мау. 2022 14:08 234

Қазақстанда билік өкіліне бағынбағаны үшін тағайындалатын жаза қатаңдайды. Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістерді Мәжіліс депутаттары талқылау үстінде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Гүлнар Бижанова Мәжілістің кезекті отырысында өзгерістердің Қаңтар оқиғасынан кейін енгізілгенін мәлімдеді.

"Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырған Гүлнар Бижанова:

"Қаңтар оқиғасы құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті", – деді.

Депутаттың атап өткеніндей,

Қылмыстық кодексте ТЖ жағдайындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында билік өкіліне бағынбағаны, оған қатысты зорлық-зомбылық қолданғаны, өміріне қол сұққаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.


Әзіргі Қылмыстық кодекстің 379-бабы бойынша ТЖ кезінде билік өкіліне бағынбағаны үшін 2 000 АЕК көлемінде (6 млн 360 мың теңге) айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Депутаттар бұл норманы қатаңдатып, бас бостандығынан айыру мерзімін 1 жылға, яғни 3 жылға дейін ұзартқан. Сонымен қатар заңға "жаппай тәртіпсіздік кезінде" деген сөз қосылады.

"Екінші блок құқық қорғау органдарының шешім қабылдаудағы дербестігін нығайту және басшылар жауапкершілігін арттыру мәселелерін қарастырады.

Біз бірқатар заңға, атап айтқанда Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, "Төтенше жағдай туралы", "Әскери жағдай туралы", "Ұлттық ұлан туралы" және басқа да заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Жаңа құрам үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатыр", - деді Бижанова.

Келесі 370-2 бап - "Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындаудан бас тартуы немесе жалтаруы".

Онда 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салудан 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі неғұрлым қатаң жаза қарастырылған.

"452-1-бапқа тоқталғым келеді - "Басшының қызметтегі әрекетсіздігі".

Бұл бап бойынша төтенше жағдай кезінде бейбіт халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген, ғимараттарды басып алу, мүлікті талан-таражға салу, тонау болып жатқан жағдайда жергілікті басшылардың әрекетсіздігі үшін 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделеді.

Мұның бәрін қаңтарда байқадық. Бұл жауапсыздық және қылмыс. Әсіресе, лаңкестікке ұласқан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде", - деді депутат.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x