FlyJet әуе компаниясының кеңесіне тінту жүрді: бұл рейдерлік басып алу ма? 

Dalanews 03 мау. 2022 09:49 213

Кеше чартерлік бизнес рейстерге қызмет көрсететін FlyJet жеке әуекомпаниясының жұмысы тоқтап қалды. Өйткені кеңседе күні бойы тінту жүрген.

Компания қызметкерлері сағат 10.00-де ғимаратқа басып кірген 30-ға жуық бетперделі, қарулы адамдар барлығын жерге жығып, бірнеше сағат бойы тінту жүргізгендерін айтады. Компания құжаттарын алып, телефондарды, компьютерлерді ақтарған, ал  қызметкерлер жарты күннен астам еденде жатқан.

Оқиға туралы естіген Orda.kz тілшілері компания офисіне барып, тінтудің үстінен түскен. Күштік құрылымдар журналистерді ішке жібермеген, басшылармен сөйлеспек болған әрекеттерінен ештеме шықпаған. «Командирдің шыққысы келмейді» деп жауап берген, видеоға түсіруге тиым салатынын, камераны шағатынын айтқан.

Есік алдында жүрген компанияның коммерциялық директоры Олег Шибякиннің айтуынша тінту заңды тексеруге қарағанда рейдерлік басып алуға көбірек ұқсаған.


«Мені басшы шақырып, сейфті ашып, ішіндегілерді көрсетуді бұйырды. Телефонымды ешқандай актсіз тартып алды. Сейфтен ештеме таппаған соң, босатып жіберді. Болып жатқанның бәрі есірткі барондарын ұстауға ұқсайды. Біз есірткі қоймасы емес, әуе компаниясымыз. Мұның бәрі компанияның бұрынғы басшысы Владимир Анмен байланысты деп ойлаймын. Бұлар неге Президенттің сөзіне қарсы әрекет жасайды. Меніңше бұл жерде біреудің қызығушылығы бар», дейді ол.



Кәсіпкердің айтып отырғаны жақында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алып, бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өткен еді.

«Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті», деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сағат 10.00-де басталған тінту 16.40-та аяқталған. Журналистер содан кейін ғана кеңсе ішіне кіріп, тінтудің салдарын көрген. Кеңседе журналистерді FlyJet-тің бас директоры Андрей Киселёв қарсы алып, мәселенің мән-жайын түсіндірген.

«Олар жүгіріп кіргенде, сыпайы қарсы алып,  қандай мәселемен келгенін сұрадым. Сөзге келмей бірден еденге жатқызып, қолымнан тартып, сүйрей бастады. Коммерциялық бөлімнен, бухгалтерлерден компьютерлерді тәркіледі», дейді FlyJet компаниясының бас директоры Андрей Кисилев.

«Құқық қорғау органдарының  келгенінен шоктамын. Біз бизнесменбіз, нақты өз жұмысымызбен айналысамыз. Менің ойымша, бұл рейдерлік басып алу, олай болмаған күннің өзінде соған қатты ұқсайды. Бізді 12 жыл уақытымызды арнаған сүйікті жұмысымыздан айырды. Бизнес беделге құрылады. Дәл осылай алып, жоққа шығара салуға болмайды. Біз бәрін анықтап, шара қабылдағымыз келеді», дейді FlyJet коммерциялық директоры Олег Шебякин.

Белгілі болғандай, құқық қорғау органдарының қызметкерлері FlyJet кеңсесінен бірнеше қорап құжатты алып шыққан. Нақты нені алып кеткенін және барлығын қайда алып кеткенін әуе компаниясының заңгері білмейді. Компания басшылығы тінтудің себептерін анықтауға тырысуда. Оқиға орнына прокурорларды шақырған. Десе де, компания өкілдері мұның барлығын бұрынғы бас директоры Владимир Анмен байланыстырып отыр.

Компания қызметкерлерінің айтуынша оларды «Ірі көлемде бопсалау» бойынша айыптап отыр. Алайда нақты қандай айып тағылғаны белгісіз. Оларға іс материалдарымен алдағы уақытта танысуға болады деген.


Кейін белгілі болғандай бұл іс бойынша тергеу тобының жетекшісі, ҚР ІІМ орталық аппаратының Тергеу департаментінің тергеушісі Е. Ережепов, ал кеңседе тінтуді тергеуші А.Кульбаев бастаған топ жүргізген.

ҚР ІІМ FlyJet кеңсесін тінту бойынша ақпарат таратпады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x